Павлодар облысының ұстазы – «Құрмет» орденінің иегері

Павлодар облысының білім беру саласы тағы бір мәртебелі жаңалықпен толықты. Ақордада өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Президенті Тереңкөл ауданы, Тереңкөл ауылындағы А.Текенов атындағы №2 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Левкович Жанна Юрьевнаны білім саласына қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапаттады.

Жанна Юрьевна 1975 жылдың 27 тамызында Павлодар облысы Май ауданының Қаратерек ауылында дүниеге келген. Жалпы еңбек өтілі – 27 жыл, оның 25 жылын білім беру саласына арнаған тәжірибелі ұстаз. Ол «педагог-зерттеуші» санатына ие және кәсіби қызметінде заманауи педагогикалық технологияларды, АКТ құралдарын, ойын және саралап оқыту әдістерін тиімді қолданады.

Ұстаз білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелерді зерттеп, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда инновациялық тәсілдерді белсенді енгізіп келеді. Ғылыми-әдістемелік жұмыстармен айналысып, республикалық және халықаралық конференцияларда баяндама жасап, «Қазақ тілін оқытудағы геймификация» тақырыбындағы мақалаларын ғылыми жинақтар мен журналдарда жариялаған.

Педагогтің кәсіби жетістіктерінің басты көрсеткіші – шәкірттерінің табысы. Оның жетекшілігімен оқушылар республикалық және халықаралық ғылыми жобаларда, олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар «Елбасы медалі» жобасының қола және алтын медаль иегерлері, халықаралық ALASH STAR, INFOMATRIX-ASIA байқауларының жеңімпаздары тәрбиеленді.

Жанна Юрьевнаның көпжылдық еңбегі 2022 жылы аудандық білім бөлімінің, 2023 жылы облыс әкімінің Алғыс хаттарымен де бағаланған.

«Құрмет» ордені – ұстаздың білім саласындағы табанды еңбегі мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлесінің жоғары бағасы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий