Павлодар оқушылары Азия–Тынық мұхиты және «Жібек жолы» олимпиадаларында ел намысын қорғады
2026 жылғы 9–12 наурыз аралығында Астана қаласындағы Radisson Astana базасында екі ірі халықаралық зияткерлік сайыс – Азия–Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы және «Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадасы өтті. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен 152 мектеп оқушысы қатысты.

Олимпиадалардың негізгі мақсаты – математикалық ғылымдар саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, сондай-ақ қатысушы елдер арасында халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
Азия–Тынық мұхиты математикалық олимпиадасына әлемнің шамамен 40 елі қатысты. Олардың қатарында Аргентина, Австралия, Канада, Гонконг, Индонезия, Жапония, Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мексика, Жаңа Зеландия, Филиппин, Ресей, Сингапур, Шри-Ланка, Тайвань, Тәжікстан, Түрікменстан, АҚШ, Түркия және басқа мемлекеттер бар. Олимпиада қашықтан форматта өткізілді: халықаралық ұйымдастыру комитеті тапсырмалар мен бағалау критерийлерін қатысушы елдердің ұлттық ұйымдастыру комитеттеріне жолдап, жарыс әр елде бір уақытта ұйымдастырылды.
Ал «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының ұйымдастырушысы – Қазақстан. Бұл білім додасы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің жас математиктерін біріктіруге бағытталған. Биылғы сайысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Әзербайжан, Қытай және өзге де елдердің оқушылары қатысты.
Халықаралық математикалық олимпиадаларда Павлодар облысының №8 мектеп-лицейі мен ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары облыс намысын абыроймен қорғап, 6 медаль жеңіп алды.
Азия–Тынық мұхиты математикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша:
Шубладзе Юрий (№8 мектеп-лицейі) – күміс медаль
Амантай Рахат («Білім-Инновация» ер балалар лицей-интернаты) – күміс медаль
Катунина Юлия (№8 мектеп-лицейі) – қола медаль
«Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадасының нәтижесі бойынша:
Амантай Рахат – қола медаль
Шубладзе Юрий – қола медаль
Катунина Юлия – қола медаль
Халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен дарынды оқушыларымызбен мақтанамыз және оларға алдағы білім додаларында жаңа жеңістер тілейміз!


