Жаңа Конституция: мемлекеттілікті нығайтудың бастамасы

15 наурыз еліміздің саяси өмірінде жаңа тарихи дата ретінде айрықша орын алды. Күні кеше Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституцияны қабылдады. Бұл күн – халықтың бірлігі мен ел болашағына деген жауапкершілігін айқындаған маңызды белес болды.

Референдум күні Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ұжымы мен студенттері де тарихи күннің мән-маңызын ерекше сезініп, біркісідей дауыс беруге қатысты. Университет жастары ұлттық киімдерін киіп келіп, бұл күннің рухани әрі тарихи маңызын арттыра түсті. Ұлттық дәстүр мен азаматтық жауапкершіліктің үйлесім табуы көңіл қуантты.

Референдумнан кейін университет ректоры Ермек Бөрібаев ұжыммен арнайы кездесу өткізіп, жаңа Ата заңның қабылдануымен профессор-оқытушылар құрамын, қызметкерлер мен студенттерді құттықтады. Ол өз сөзінде референдумның ашық әрі әділ өткенін атап өтіп, әрбір азаматтың болашаққа деген сенімі мен елге деген патриоттық сезімі жоғары екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты өз сөзінде: «Бұл – халықтың еркімен қабылданған тарихи шешім. Жаңа Конституция әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам болады», – деп атап өткен еді. Мемлкет басшысы айтқандай жаңа Конституция – еліміздің демократиялық дамуының маңызды кезеңі. Бұл құжат әр азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғап, мемлекетіміздің тұрақты әрі әділетті дамуына негіз болады. Бүгінгі таңда халықтың бірлігі мен сенімі – еліміздің басты байлығы. Сондықтан бұл тарихи шешім Қазақстанның жарқын болашағына бағытталған маңызды қадам», – деді ректор.

Жетісу университетіндегі заң саласының ғалымдары жаңа қабылданған Конституция бойынша тұжырым жасап, мемлекетіміз Ата заңды қабылдай отырып маңызды шешім қабылдағанын атап өтті.

«Қазақстан Республикасы мемлекеттілікті нығайтуда жаңа тарихи қадам жасады. 2026 жылғы 15 наурызда өткізілген жалпыұлттық референдум Қазақстан халқының конституциялық ерік-жігерін білдіретін маңызды демократиялық нысан. Референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция мемлекет пен қоғам дамуының жаңа кезеңін айқындайтын, құқықтық мемлекеттілік қағидаттарын нығайтатын және халық билігінің үстемдігін бекітетін негізгі құқықтық құжат болып табылады. Аталған Конституция Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының іргелі негіздерін қайта айқындап, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, билік тармақтарының теңгерімді жұмыс істеуін, сондай-ақ құқық үстемдігін қамтамасыз етуді басты қағидат ретінде бекітеді. Конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге және қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігін күшейтуге бағытталған. Жаңа Конституцияда демократиялық құндылықтарды дамыту, әлеуметтік мемлекет қағидатын нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру мәселелері ерекше назарға алынған. Сонымен қатар, конституциялық нормаларда мемлекеттік билік органдарының жауапкершілігін арттыру, құқықтық тәртіпті нығайту және ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктері нақтыланған. Референдум арқылы Конституцияны қабылдау — халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы екенін көрсететін маңызды тікелей демократиялық институт. Бұл шешім азаматтардың елдің конституциялық дамуына тікелей қатысуын қамтамасыз етіп, демократиялық легитимділікті күшейтеді. Осылайша, 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда қабылданған Конституция Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға және қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тарихи әрі құқықтық маңызы зор құжат болып табылады. Ендігіде мемлекеттілікті нығайтудың жаңа кезеңі басталатыны мәлім. Жаңа конституциямызда негізі қаланған идеялармен құндылықтарды қоғам өміріне ендіру үшін конституциялық заңнар мен тетіктер қабылданатын болады. Яғни елімізде құқықтық мемлекетті онрнықтыру мен азаматтардың құқыққтары мен бостандықтарына басымдық беру арқылы демократиялық үрдістерді дамытуда үздіксіз әрекет етуі мемлекеттілікті нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз»-деді ғалымдар.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий