Амал мерекесі Павлодар облысының білім беру мекемелерінде атап өтілді

Павлодар облысының жалпы орта білім беретін мектептерінде, арнайы және дарынды балаларға арналған мектептерінде, колледждер мен балабақшаларында Амал мерекесіне арналған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мерекелік күн аясында білім беру ұйымдарында ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен таныстырылып, оқушылар мен тәрбиеленушілер қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысты. Іс-шара барысында балалар көрісу дәстүрінің мәні мен маңызын, Амал мерекесінің шығу тарихын біліп, үлкендерге ізет көрсетіп, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.

Мектептер мен балабақшаларда ұлттық ойындар ұйымдастырылып, танымдық сағаттар, көрмелер мен шығармашылық кездесулер өтті. Оқушылар ұлттық киімдер киіп, салт-дәстүр көріністерін сахналап, қазақ халқының ежелден келе жатқан көрісу дәстүрін дәріптеді. Мұндай тәрбиелік мәні зор шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, бірлік пен мейірім секілді құндылықтар сіңірілді.

№7 мектептің оқушысы Даниярова Гульназ мерекелік іс-шарадан алған әсерімен бөлісті:

«Бүгін біз Амал мерекесінің тарихы мен маңызын білдік. Бұрын бұл күннің адамдардың бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасатын ерекше дәстүр екенін толық білмейтінмін. Осындай шаралар арқылы ұлттық дәстүрлерімізді жақынырақ танып жатырмыз», – деді ол.

Педагогтердің айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, тарихи-мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиелейді.

Айта кетейік, Наурызнама 10 күндігі аясында Павлодар облысының білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды шаралар легі бастау алды. Бұл бастамалар өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге, дәстүр мен мәдениетке деген құрметті арттыруға бағытталған.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий