«Кітап әлемі» – жас оқырмандар мектебі

Ақпарат тасқыны судай тасыған мына заманда оқушының кітап оқуға құмарлығын ояту – мұғалімнің парызы. Әлеуметтік желінің жетегінде кетпей, көркем әдебиеттен нәр алған бала, ең алдымен, сөз қадірін ұғатын, тәрбиелі, адамгершілігі мол тұлға болып қалыптасады. Рухани-адамгершілік болмысымен қоса, логикалық ойлауы мен танымдық қабілеті өседі. Олай болса, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері кітап оқуға, оқыған көркем туындыны талдап, ойға тоқуға, өзіндік қорытынды жасауға тәрбиелеуі тиіс.

Биылғы жылдан бастап лицейімізде «Кітап әлемі» атты оқырмандар клубы өз жұмысын бастады. Бұл клубтың мақсаты – оқушыларды көркем шығармаларды оқуға, әдебиетті сүюге баулу және эстетикалық-этикалық дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Оқырмандар клубына қатысушылар алғашқы күннен бастап-ақ әдебиеттің тәрбие құралы екендігін тануда. Олар С.Бегалиннің «Шоқан асулары» хикаятын, О.Бөкейдің «Ауыл хикаялары» топтамасын оқып, әдеби талдау жасауға машықтана бастады. Енді наурыз айында Ш. Айтматовтың «Ақ кеме» кітабын оқуда. Белгіленген жоспар бойынша ай сайын әртүрлі форматта пікір алысу, сахналық қойылым, әдеби конференциялар мен кештер ұйымдастырылмақ.

Оқырмандар клубының ауқымды жұмысы оқушыларға көркемөнерді сүюге арналады. Атап айтқанда, 13 наурыз күні Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» туындысы бойынша қойылған спектакльді көру ұйымдастырылды. Осы орайда балалардың театр өнеріне деген қызығушылығын ояту үшін қойылым ата-аналарымен бірлесе отырып тамашаланды. Мұның өз нәтижесін бере бастағаны – қуантарлық үрдіс. Театр қойылымын көру, актерлардың шеберлігін тани білу, ата-анасымен алған әсерін бөлісу – тәрбиенің маңызды бір қадамы.

«Кітап әлемі» клубы тек кітап оқумен шектелмей, көркем туындыдан рухани нәр алуды басты бағыт санайды. Алдағы  уақытта Алаш арыстары мұраларымен, М.Шахановтың шығармаларымен  терең танысып, театр актерлары мен ақын-жазушылармен кездесу жоспарланып отыр.

Әдебиет сабағында оқу бағдарламасы бойынша берілген шығармалармен қоса қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысып, “Оқуға құштар мектеп” бағдарламасын іс жүзіне асыру, баланың кітапқа  деген құлшынысын қалыптастыру – педагогтің абыройлы борышы.

Динара Баймухамбетова
Алматы қаласы, Алмалы ауданы,
№24 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
«Кітап әлемі» жас оқырмандар клубының жетекшісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий