Ақылды технологиялар дәуіріне жасалған нақты қадам
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айының алтысы күні «2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау» туралы Жарлыққа (№1151) қол қойған болатын. Бұл шешім тәуелсіз еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жаңа технологиялар негізінде жүзеге асыру, цифрлық трансформацияны жеделдету және жасанды интеллектті (ЖИ) кең көлемде енгізу мақсатында қабылданғаны хақ.
Мемлекет басшысы құқықтық ресми құжатта айрықша атап айтқандай, биылғы жыл отанымыздың барлық басты саласына цифрлық жаңғыруға қоса озық технологиялардың тиімді мүмкіндіктерін жедел енгізудің маңызды кезеңіне айнала бастады. Рас, бұл қадам елдің цифрлық стратегиясын кезеңдерге сай жүйелі жүзеге асыруға мүмкіндік береді және алғашқы кезектегі мемлекеттік басқарумен қатар бизнесте, білім беру және әлеуметтік салаларда цифрландыруды кеңейтуге бағытталған. Демек бұл бағалы да батыл бастама заманауи технологияларды енгізудің тетіктерін күшейтетін стратегиялық шешім екендігі даусыз.
Себебі озық технологиялар еліміздің барлық салаларындағы әлеуетті арттыруға жол ашпақ. Және бұдан бұрын қабылданған бірқатар институционалдық ұстанымдар – жаңа Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі мен «Жасанды интеллект туралы» Заң, сондай-ақ суперкомпьютерлер сияқты ұлттық инфрақұрылымдар – осы міндеттерді іске асырудың негізін қалауда. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар еліміздің барлық саладағы бәсекеге қабілетін арттыру арқылы халықаралық деңгейдегі беделімізді нығайта түсетіндігі сөзсіз.
ЖИ мен цифрландыру тек экономикалық салада ғана емес, білім беру мен ғылыми ізденістер, денсаулық сақтау, инфраструктура және әлеуметтік қызметтерде революциялық өзгерістер әкелетіндігімен айрықша маңызға ие. Сонымен биылғы жыл ақылды технологиялар дәуіріне қадам басатын, инновациялардың қоғам мен бизнестің барлық саласына тәкелей әсерін барынша жеделдететін стратегиялық кезең болатындығы болжануда.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі өткен аптада еліміздің 200 мың педагогі жасанды интеллект ассистенттерін құру үшін ChatGPT Edu жобасына қосылатындығын хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес білім беру саласына жасанды интеллект енгізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде екен. Тараптар арасындағы меморандумға сай бейіндік ведомство мен халықаралық компания осы бағытта әзірленген қанатқақты жобаны іске қосуға қажетті дайындықтарды күшейткен көрінеді. Олар күнделікті жұмыс жүктемесін азайту үшін жасанды интеллект құралдарын қолдануды меңгереді.
Қазіргі уақытта QazTech платформасының базасында Ұлттық білім беру дерекқоры жаңғыртылуда. Ол электрондық күнделіктер үшін бірыңғай қоймаға айналып, білім алушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ұлттық білім беру платформасын құру жоспарланып отыр. Осылайша жекелеген жүйелердің орнына білім беру саласындағы барлық сервистер мен мемлекеттік қызметтер бір платформада біріктіріледі. Нәтижесінде электрондық күнделіктер жүргізуден деректер мен жасанды интеллект негізінде таланттарды басқаруға көшу жүзеге асады.
Пилоттық жобаның негізгі мақсаты әлемдегі озық технологиялардың бірі – ChatGPT жүйесін білім беру процесіне енгізу арқылы оқыту сапасын арттыру, педагогтердің жұмыс тиімділігін күшейту және зерттеу әлеуетін дамыту болып табылады. Сонымен қатар жоба жасанды интеллект негізінде академиялық процестерді автоматтандыруды одан әрі дамытуға бағытталған. Екі жақты қол қойылған уағдаластық негізінде біздің салалық министрліктің қажеттіліктері үшін ChatGPT Edu бойынша 100 мың лицензия бөлінгенін білдік. Олардың бес мыңы мектепке дейінгі ұйымдарға тиесілі болса, сексен бес мыңы орта білім беру ұйымдарының еншісінде және он мыңы колледждерге берілетіндігі бекітілген.
Осы жылдың екінші жартысында бұл лицензиялар қайта бөлініп, тағы 100 мың педагогке ұсынылады. Нәтижесінде биыл екі жүз мың педагог жасанды интеллект құралдарын тәжірибе жүзінде қолдану дағдыларын меңгереді. Жоба аясында әрбір педагог өзіне арналған «ақылды ассистентке» ие болады. ChatGPT Edu бірнеше минут ішінде сабақ жоспарын дайындауға, тапсырмалар мен тесттер құрастыруға, оқу материалдарын әртүрлі деңгейдегі оқушыларға бейімдеуге, сондай-ақ оларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірлеуге мүмкіндік береді.
Сабақ барысында бұл құрал педагогке күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіруге, өмірлік мысалдар қолдануға, сабақ форматын пікірталасқа, бірлескен жобаға немесе зерттеу жұмысына айналдыруға көмектеседі. Сонымен қатар ChatGPT Edu бағалау критерийлерін әзірлеуге, оқушылардың жұмыстарын алдын ала талдауға және әрбір білім алушыға жеке кері байланыс дайындауға қолдау көрсетеді. Бұл ретте қорытынды бағаны әрқашан педагогтің өзі қояды. Платформа педагогтердің кәсіби дамуына да мүмкіндік береді. Мұғалімдер заманауи оқыту әдістерін меңгеріп, оқу курстарын жаңартып, әдістемелік материалдар әзірлей алады және жаңа цифрлық әрі жасанды интеллект тәжірибелерін игереді.
– Тәуелсіз елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектінің мол мүмкіндіктерін тиімділігіне байланысты енгізу және тәжірибелік сынақтар арқылы ілгері дамытуды көздейтін жүйелі жұмыстардың жедел қарқын алуы білім берудің жаңа кезеңіне жетелеп, бұрыннан бар игіліктерімізді жетілдіруде. Жуырда PetroTechnic жоғары колледжінде AI ORTA: «Synergy of Industry and Education: өнеркәсіппен білім үндестігі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Бұл ауқымды іс-шараға білім беру және өндіріс саласының жетекші мамандары, халықаралық серіктестер, сарапшылар, оқытушылар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиналғандарға құттықтау лебізін арнаған атыраулық бас ұстаз Марат Әбуов қазіргі кезеңде білім беру жүйесін цифрландырудың маңызына тоқталып, жасанды интеллект технологияларын енгізу болашақ мамандарды даярлаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беретіндігіне кеңінен тоқталды. Пленарлық отырыс барысында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Маржан Анесовна «Жасанды интеллектінің интеллектуалды оқыту жүйесін жетілдірудегі мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.
Ол зерттеушілік сараптамасының барысында жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісіне тиімді енгізудің заманауи тәсілдерін, педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту қажеттілігін және интеллектуалды оқыту жүйелерін жетілдірудің мүмкіндіктеріне аса басымдық берді. Сонымен қатар педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыруға және жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларына тоқталды. Конференция қонақтары кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарының ғылыми жобалары мен түрлі білім беру бастамалары ұсынылған көрмемен танысты.
Бұл арнайы бөлімді инновациялық технологиялар, цифрлық платформалар және білім мен өндіріс интеграциясына бағытталған жобалар таныстырылған еді. Іс-шара шеңберінде бірқатар маңызды білім беру бастамалары ұсынылды. Қытай Халық Республикасының New Land Technology компаниясымен бірлескен AI Lab+ зертханасының ашылуы, Siemens құралдарын WorldSkills чемпионаттарында қолдану тәжірибесіне арналған курстар, Жапонияда кеңінен қолданылатын Lesson Study бағдарламасының тиімділігі, APEC PetroTechnic жоғары колледжі базасында әзірленген LMS технологиялары кәсіби мамандардың қызығушылығын туғызғаны анық.
Және мәртебелі меймандардың назарына өндіріс пен колледж арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар жобалар ұсынылған еді. Басқосудың барысында, сонымен қатар, республиканың әр аймағынан келген студент жастар WorldSkills стандарттарына сәйкес өнеркәсіптік автоматика, веб-технологиялар, графикалық дизайн, CAD инженерлік графика, зертханалық және химиялық талдау, сондай-ақ бизнесті автоматтандыруға арналған ақпараттық технология шешімдеріне сәйкес жолдастық чемпионатта бақтары мен баптарын сынауға мүмкіндік алды.
– Жасанды интеллект – деректерді талдап, үйреніп, шешім қабылдай алатын технологиялар жиынтығы. Өзіміз еңбек етіп келе жатқан білім беру саласында студенттің оқу деңгейін талдап, жеке траектория ұсынуда, оқу материалын визуализациялап, түсінуді жеңілдетуде, бағалауды автоматтандырып, мұғалім уақытын үнемдеуде, инклюзивті білім беруде ерекше қажеттілігі бар білім алушыларға қолдау көрсетуде таптырмас мүмкіндікке ие. Біздің колледжде де бұл мүмкіндіктер әсіресе, кәсіптік бағдар беруде, практикалық дағдыларды қалыптастыруда маңызды, – дейді Қызылорда облысындағы Арал көпсалалы колледжінің информатика пәнінің оқытушысы Самал Жылдыбаева.
– Алайда бір нәрсені естен шығармаған абзал. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оның рөлін жаңа деңгейге көтереді. Күнделікті жұмыстар біз айтып отырған жаңалық арқылы жеңілдеген уақытта мұғалім студентпен тікелей жұмысқа, тәрбие мен құндылық қалыптастыруға көбірек көңіл бөле алады. Демек, мүмкіндіктер жолы ашылады. Қазіргі уақыттың өзінде колледж тәжірибесінде жасанды интеллект элементтерін қолдану оң нәтиже беріп отыр. Мәселен, онлайн тренажерлар арқылы мамандыққа бейімдеу, симуляциялық бағдарламалармен қауіпсіз ортада тәжірибе жасау, интеллектуалды тесттер арқылы білім саласындағы олқылықтарды анықтау секілді дүниелерді күнделікті көріп отырмыз.
Сырбойылық педагогтің пайымынша, бұл студенттердің қызығушылығын арттырып, өз бетімен ізденуіне жол ашқаны бізді қуантады. Десе де әр нәрсенің шегі мен жауапкершілігі бар. Сондықтан жасанды интеллектті қолдануда этикалық мәселелерді естен шығармау қажет. Әсіресе, дербес деректердің қауіпсіздігі басты ұстанымымызға айналуы керек. Сонымен қатар ол дайын жауап беретін құрал емес, ойлануға жетелейтін көмекші екенін үйретуіміз ләзім. Міне, жасанды интеллект – уақыт талабы. Уақыт көшінен қалыс қалсақ, даму жолында да көштің басына шығу мүмкін емес. Оны дұрыс қолдана білген пән мұғалімі ғана сапалы білім мен саналы тәрбие бере алады.
Шырақ әл-ШАБАНИ
Загрузка...
