CYBERPACK.AI платформасын бастауыш сыныпта меңгеруді бастады

Қазіргі білім беру кеңістігі цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына сай жаңарып келеді. Мектептерде оқушылардың тек теориялық білім алып қана қоймай, заманауи технологияларды еркін меңгеруі маңызды міндеттердің біріне айналды. Осы бағытта мектебімізде білім беру үдерісін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам жасалды. Елордадағы №8 мектеп-лицейде бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытуға арналған «Жаратылыстану пәнінде CYBERPACK.AI платформасын қолдану» тақырыбында практикалық семинар ұйымдастырылды.

Бұл семинардың басты мақсаты – жаратылыстану сабақтарында цифрлық құралдарды тиімді пайдалану арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру, логикалық ойлауын дамыту және зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру. Іс-шара барысында мұғалімдер жаңа платформаның мүмкіндіктерімен танысып, оны сабақ үдерісінде қолданудың практикалық жолдарын талқылады. Бүгінгі таңда мектебіміздің орта және жоғары буын оқушылары бағдарламалау мен робототехника негіздерін табысты меңгеріп келеді.

Бұл бағытта оқушылар түрлі цифрлық жобалар жасап, логикалық есептерді шешу, алгоритм құру және роботтарды бағдарламалау дағдыларын игеруде. Осындай тәжірибені ескере отырып, білім берудегі сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатында бастауыш сыныптарда Cyberpack платформасын енгізу қолға алынды. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – оқушылардың логикалық іргетасын ерте жастан қалыптастыру. CYBERPACK.AI платформасы жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, жаратылыстану пәнін оқытуды жаңа деңгейге көтереді.

Оқушылар табиғат құбылыстарын тек теория жүзінде ғана емес, интерактивті модельдер арқылы зерттеп, тәжірибе жасап, нәтижелерін талдай алады. Бұл әдіс балалардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, олардың зерттеушілік қабілеттерін дамытады. Сонымен қатар бұл бастама білім беру жүйесіндегі жүйелі дамуды қамтамасыз етеді. Бастауыш сыныпта CYBERPACK.AI арқылы логикалық ойлау қабілетін жетілдірген оқушы кейін орта буынға өткенде бағдарламалау мен робототехника бағытындағы күрделі платформалармен жұмыс істеуге толық дайын болады.

Осылайша мектепте цифрлық білім берудің бірізді әрі үздіксіз тізбегі қалыптасады. Практикалық семинар барысында ұстаздар платформаның мүмкіндіктерін нақты мысалдар арқылы көрсетті. Мұғалімдер табиғат құбылыстарын модельдеу, деректерді талдау және интерактивті тапсырмалар арқылы оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігін арттыру тәсілдерін таныстырды. Қатысушылар жаңа цифрлық құралдардың оқу процесін қызықты әрі тиімді етуге зор ықпал ететінін атап өтті. Мектеп басшылығы да бұл бастаманың білім сапасын арттырудағы маңыздылығына тоқталды.

– Біздің мектептегі білім беру үдерісі – бұл үздіксіз тізбек. Жоғары сыныптардағы жоғары технологияларға деген қызығушылық бастауыш сыныптан басталуы тиіс. CYBERPACK.AI – бұл жай ғана бағдарлама емес, баланың сыни ойлауын ерте жастан қалыптастыратын маңызды құрал, – деді сөйлеген сөзінде ұйымшыл ұстаздар ұжымының жаңашыл жетекшісі Гүлнұр Ерсайынқызы Айтимова. Шараға қатысқан ұстаздар жаңа платформаның жаратылыстану сабақтарының мазмұнын байытып, оқушылардың шығармашылық және танымдық белсенділігін арттыратынына сенім білдірді.

Сонымен қатар олар цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы болашақта оқушылардың ғылыми-техникалық бағытқа қызығушылығы арта түсетініне назар аударды. Бүгінгі бастама – мектептегі цифрлық білім беруді дамыту жолындағы маңызды қадам. CYBERPACK.AI платформасын енгізу арқылы бастауыш сынып оқушылары жаңа технологиялармен ерте танысып, логикалық ойлау мен зерттеушілік қабілеттерін дамыта алады. Ал бұл өз кезегінде болашақта технологиялық қоғамда бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық CYBERPACK.AI стартапы былтырғы күзде күтпеген қолдауға ие болып, Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың осы жобаға арнйы бөлген 25 мың долларды құрайтын сыйақысын иеленген болатын. Мектептерде STEM-білімді дамытуға бағытталған бұл жоба Digital Bridge өткен жылы ұйымдастырылған халықаралық форумындағы Astana Hub Battle финалы кезінде кәсіпкердің назарын аударды. Павел Валерьевичтің бұл қадамы білім беру бастамаларына деген қызығушылығын, дарынды жастарға қолдауын және оқыту жүйесінде цифрлық технологияларды дамытуды көздеген басты мақсатын айшықтайтындығы анық.

CYBERPACK.AI – мобильді қосымша, веб-платформа және балаларға арналған ғылым, технология, инженерия, өнер мен математика бағытындағы (STEAM-жинақтар) оқу конструкторларын біріктірген қазақстандық стартап. Жоба мұғалімдерге арналған веб-платформаны, әдістемелік бағдарламаны, педагогтерді даярлау жүйесін және жарыстарды да қамтиды. Мұндай тәсіл 7-18 жас аралығындағы оқушыларға ғылыми жобалар жасауға, олимпиадаларға дайындалуға, инженерлік ойлауын дамытуға және техникалық жоғары оқу орындарына түсу мен болашақ мансапқа қажет ғылыми портфолио қалыптастыруға ықпал етеді.

Стартап Astana Hub-тың Startup Garage инкубациялық бағдарламасынан сәтті өтіп, жобаны енгізген мектеп санын он есеге арттырғаны белгілі болуда. Және халықаралық нарыққа шығып, масштабтауға арналған жүйелі процестерді жолға қойғанын білдік. Қалталы кәсіпкердің берген қомақты қаражаты өндірісті ұлғайтуға, мобильді қосымшаны және AI-модульді дамытуға, әзірлеушілер, инженерлер мен әдіскерлер санын көбейтуге, сондай-ақ өңірлік білім беруді дамытуға және халықаралық нарықтарға шығуға бағытталуда екен.

P.S. Өскелең ұрпақтың цифрлық дағдыларын дамыту – тәуелсіз елімізді ілгері жетілдіру бағытындағы стратегиялық басымдықтардың бірі. Биылғы жылдың басында отандық ақпараттық технология саласының кәсіби мамандары тарапынан оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыратын жаңа стартап жоба ұсынылғаны белгілі болды. CYBERPACK.AI (Сайберпэк.ЭйАй) – мобильді қосымша, веб-платформасы және арнайы физикалық жабдықтары бар экожүйе. Бүгінде бұл бағалы бастаманы Астана, Орал, Шымкент және Атырау қалаларындағы бірқатар мектептер тиімді қолданудың жан-жақты мүмкіндіктерін іздестіріп, сарапқа салуда екен.

CYBERPACK – мектептерге арналған инновациялық STEAM экожүйе. Бұл ғылым, технология, инженерия, математика сынды салаларда оқушыларды дайындап, олардың ғылыми портфолиосын қалыптастырады. – Қазіргі уақытта бұл үлкен мәселе. Статистика бойынша көп мемлекеттік, жекеменшік мектептерде мектептің ғылыми портфолиосы 2-3 пайыз ғана. Яғни, мың баланың 10, 15, 20, 25 оқушысы ғана ғылыми жобалармен айналысады. Біздің мақсат – бұл статистиканы жүз пайызға көтеру. Яғни, әр бала ғылыми жобалармен айналысып, болашақ 10 ішінде Қазақстанда бір миллион ғалым шығару, – деді журналистермен жүздескен CYBERPACK.AI компаниясының негізін қалаушы Сабыржан Мустафин.

Cyberpack-тің жоғары сынып оқушыларына арналған бұл жинағындағы бір жоба оқушыларға сұйықтықтардың қозғалысы мен қысымын тәжірибе арқылы түсінуге мүмкіндік береді. Бұл гидравлика принципімен жұмыс істейтін робоқол. Оның үш деңгейі бар. Қазір біз ең алғашқы, базалық деңгейін көріп тұрмыз. Мұнда оқушылар сұйықтықты бір жерден екінші жерге ауыстыру арқылы механизмдерді іске қосуды, яғни гидравликалық жүйенің қалай жұмыс істейтінін үйренеді. Платформада арнайы деректер базасы негізінде құрылған жасанды зерде жұмыс істеп тұр. Ол тек жүйедегі оқу материалдарына қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, оқушыларға нақты әрі қауіпсіз ақпарат ұсынады.

– Заманауи үлгідегі бұл жоба еліміздің аумағынан бөлек сыртқы нарыққа да шығып үлгерді. Әзербайжанның Баку қаласында және Қырғызстанның Ош қаласында осы жүйе жұмыс жасауға қажетті мүмкіндіктер іске қосылды. Маңызды артықшылық – дайын оқу-әдістемелік база. Әдетте мұғалім бір сабаққа дайындалу үшін 2-3 сағат уақытын жұмсайды. Ал бұл экожүйе мектептерге STEAM бағытын толық енгізіп, педагогтердің жүктемесін айтарлықтай азайтады, – дейді еліміздің беделді бұқаралық ақпараттарының өкілдерімен сұхбатында осы компанияның операциялық директоры Мади Советов.

Осы орайда оқырмандарға айрықша атап айтқанымыз абзал, отандық жобаға кәсіпкерлік саласынан 25 мың доллар көлемінде қайтарымсыз грант бөліпті. Қаражат өндірісті ұлғайтуға, мобильді қосымшаны және AI-модульді дамытуға жұмсалмақ. Мектептерде STEM-білімді дамытатын экожүйе оқушылардың инженерлік және цифрлық дағдыларын қалыптастыруға тың серпін беретіндігіне жоба авторлары мен сала сарапшылары бек сенімді.

Дастан ЕРКІНҰЛЫ,
Білім басқармасындағы әдістемелік орталықтың баспасөз хатшысы,
Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий