Ауыл үйірмесінен халықаралық аренаға дейінгі үлкен жол

Қазығұрт өңіріндегі қарапайым робототехника үйірмесі арқылы болашаққа бастау алған батыл ұстаным бүгінгі таңда халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерде тәуелсіз еліміздің намысын қаймықпай қорғайтын күшті командаға айналды. QAZYGYRT тарихы – бұл жай ғана жарыстар тізбегі емес, бұл – жүйелі дайындықтың, кәсіби жетекшіліктің, ауыл балаларының табандылығы мен үлкен арманының шынайы көрінісі.

Алғашқы қадамдар қарапайым жағдайда басталды. Информатика сабағында ұсынылған жаңа мүмкіндік – FIRST бағдарламасымен танысу – бір топ оқушының өмірлік бағытын өзгертті. Басында тәжірибе аз, ресурстар шектеулі болды. Қажетті бөлшектер жетіспеді, халықаралық талаптар түсініксіз еді, ал қарсыластар әлдеқайда мықты көрінді. Бірақ дәл осы қиындықтар команданы шыңдады. Олар дайын шешімді күтпей, өз бетімен ізденуді, қателесуден қорықпау­ды, бір-біріне сенуді үйренді.

Уақыт өте келе жүйелі оқу-жаттығу моделі қалыптасты. Робот құрастыру тек техникалық процесс емес, инженерлік ойлау мектебіне айналды. Бағдарламалау логикасы, сенсорлық талдау, механикалық беріктік, стратегиялық жоспарлау – барлығы біртұтас жүйеге бірікті. Әр жарыстан кейін талдау жүргізіліп, әр қателік тәжірибеге айналды. Команда үшін басты қағида – үздіксіз даму болды. QAZYGYRT республикалық жарыстарда мықты әлеуетін дәлелдеп, инженерлік жобаларымен ерекшелене бастады.

Инновациялық шешімдер, нақты зерттеу, функционалды механизмдер мен тиімді бағдарламалау олардың қолтаңбасына айналды. Олар енді тек қатысушы емес, бәсекеге қабілетті үміткер ретінде қабылданды. Команда беделді турнирлерде жүлделі орындарға ие болып, әлем қауымдастығы көз тігетін дүбірлі додаларға жол ашты. Соның ішінде Almaty Tech Cup, Turkestan Regional FIRST Championship, Asia Championship сынды жарыстардағы жетістіктер олардың сенімін нығайтты.

Бұл табыстар – ұзақ дайындықтың нақты нәтижесі еді. Команданың ең тарихи сәттерінің бірі – FIRST LEGO League Open International Championship аясында Грекия мемлекетінде өткен әлем чемпионатында жүлделі орын алуы болды. Ауылдан шыққан оқушылардың әлемдік сахнада Қазақстан атынан өнер көрсетуі – үлкен жауапкершілік пен мақтаныш. Олар инновациялық жоба, робот ойыны, негізгі құндылықтар және инженерлік дизайн бағыттарында жоғары нәтиже көрсетті.

Бұл жеңіс тек медаль емес, көп жылдық еңбектің мойындалуы еді. Кейінгі халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, Қытай мемлекетіндегі кезекті чемпионатқа ресми жолдама алуы – QAZYGYRT-тың даму жолы тоқтамағанын айқын көрсетті. Алты жыл бұрын шағын үйірме ретінде басталған бастама бүгінде халықаралық деңгейде танылған ұжымға айналды. Бұл табыстың артында кәсіби жетекшілердің үйлесімді еңбегі жатыр. Стратегиялық жоспарлау, робот архитектурасы, алгоритмдік ойлау, инженерлік дизайн, математикалық модельдеу, физикалық және психологиялық дайындық – барлығы бір мақсатқа жұмылдырылды.

Жетекшілер тек үйретуші емес, бағыт беруші ментор болды. Ал шәкірттер сол сенімді ақтай білді. QAZYGYRT жолы – бұл тек робототехника тарихы емес. Бұл – ауыл балаларының үлкен арманға сеніп, жүйелі еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде биік белестерді бағындыру арқылы жоғары деңгейге жеткенінің дәлелі. Олар ресурстың шектеулігін сылтау етпеді, керісінше, оны мүмкіндіктерге айналдырды. Олар жарыста жеңуді ғана емес, көшбасшылықты, жауапкершілікті, командалық бірлікті үйренді. QAZYGYRT – қоғамның барлық саласы бойынша сапалы даму қарқынын күшейткен айтулы аймақтағы робототехникадағы жемісті жетістіктердің беделді бейнесі.

Және жаңашылдыққа жаны құмар жергілікті жастардың табандылығы мен сапалы білімге қоса бірлігі бекем серпінді сенімнің дәйекті дәлелі. Ал алда мықтылар жиналатын чемпионаттармен қатар жаңа жобалар тұр. Бірақ ең бастысы – бәрі батыл жасалған алғашқы сынақтар сәтін естен шығармайды. Команданың табысы тек техникамен өлшенбейді. Бұл – кәсіби жетекшілердің стратегиялық тұжырымдамасы. Өйткені робот архитектурасы, алгоритмдік ойлау, инженерлік дизайн, математикалық модельдеу, физикалық және психологиялық сынды жан-жақты дайындықтар тәжірибе жинаудың нәтижесінде көшбастауды көздейтін ортақ мақсатқа жұмылдырылған.

– Басында біз үшін халықаралық жарысқа барып, бағымызды байқау қол жетпейтін асқақ арман сияқты көрінді. Қарапайым ауыл мектебінен әлем чемпионатына жолдамамен бару мүмкіндігін ешкім ойлаған жоқ. Бірақ жергілікті жарыстар мен республикалық сайыстарға қатысу барысында жиналған тағылымдар мен үздіксіз ізденістеріміз жеңістерге жетудің қыры мен сырын үйретті. Артылған жауапкершілік пен сенімді ақтаудың тасасында қаншама ерен еңбек пен төгілген тер бар екендігін байыптағандар біледі. Ең бастысы – жұдырықша жұмылып, жалықпай жұмыс істедік. Жігерлі жетекшілеріміз бар білгендерін жүйелі жеткізумен қатар ментор ретінде бағыт пен бағдар көрсетті, – дейді Қаныш Сәтпаев атындағы мектеп-лицейдің 11 «Г» сынып оқушысы осы құрама команданың белді мүшесі Гулмира Давронбек.

– Робот жасау бізге тек техниканы емес, өмірлік дағдыларды үйретті. Уақытты басқару, жауапкершілік, қысым кезінде шешім қабылдау – осының бәрін біз жарыс барысында меңгердік. Әлемдік сахнада тәуелсіз еліміздің көк туын биікке көтеру – тілмен айтып жеткізе алмайтын адамның бойындағы ерекше сезім, – дейді тағы бір қатысушы ретінде жергілікті журналистермен жүздескен Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназияның 11 «А» сынып оқушысы Сайлау Нұрасыл. – Біздің мақсат – тек жүлде алу емес, инженерлік мәдениет қалыптастыру. Балаларға дайын алгоритм бермейміз. Олар өздері ізденеді, талдайды, қателеседі, қайта көреді. Нағыз даму осылай келеді, – деді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ашық әңгімелесуі барысында құрама команда жетекшілерінің бірі Оразхан Бексұлтан.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында жоғары атқарушы билік пен жергілікті әкімдерге қала мен ауыл балаларына берілетін білімнің сапасы мен саналы тәрбиеге барлық тараптан айрықша көңіл бөлу қажеттілігін әрдайым қайталап келеді. Мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын шалғайдағы елді мекендер соңғы кездері шынайы сезіне бастағанын білеміз. Неге десеңіз көптеген құтты қоныстарда заманауи мектептер салынып, шәкірттер озық үлгідегі пән кабинеттерінде білім алуда.

– Ауылдық балғындардың барлық сұраныстағы мүмкіндігі шектеулі деген түсінікпен қазіргі кезде келіспеймін. Себебі салалық министрлік пен білім басқармалары қала мен ауыл мектептерін теңестіру үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруға кіріскенін көрудеміз. Және дұрыс бағыт, жүйелі жоспар және сенім болса әрбір бала бойындағы қарым-қабілетін халықаралық деңгейде дәлелдей алады. QAZYGYRT – соның нақты дәлелі, – дейді және бір жаңашыл жетекші Нұрсұлтан Устенов.

Біздің төл жобамыз ауыл мектептерінің де сапалы STEM-білім беруге болатынын көрсетті. Идеяның да тобықтай түйіні осы ұстанымды нақтылауға бағытталған болатын. Қазіргі кездеге құрама команда тек жарыс жеңімпазы емес, жаңа буын инженерлерді қалыптасуға жағдай жасайтын ашық алаңға айналды. Күні кеше қазақ жастары заңгер, экономист болуға ұмтылса, бүгін олар алгоритм құрып жатыр. Аядай ауылдан шулы шаһарға бұйығы балғынның бейімделуі қиын көрінетін. Бүгін олар ақпараттық технологияның көшіне ілесті. Ауылдық мектептердегі шағын үйірме инженерлік ойлаудың алғашқы баспалдағы болуда.

Нұрлан ҚАЙРАТБЕКҰЛЫ,
Білім басқармасының баспасөз хатшысы,
Түркістан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий