Ұлттық ойындар – ұрпақ тәрбиесінің өзегі
20 наурыз – Ұлттық спорт күні аясында Павлодар қаласындағы №48 жалпы орта білім беру мектебінің базасында зияткерлік және ұлттық спорт түрлерін ұштастырған «Ұлттық мектеп лигасы» II облыстық Спартакиадасы өтті. Ұлттық ойындар күніне арналған бұл жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, ұлттың болмысын, дәстүрін дәріптеген тағылымды шараға айналды.
Сайыс алаңына 5–6 және 7–8 сынып оқушылары шығып, қазақ халқының көне әрі мәні терең ойындары – асық ату мен бес асық бойынша өз шеберліктерін сынға салды. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қатысушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық спортқа деген құрмет пен жауапкершілікті айқын сезіндірді.
Бүгінгі таңда жаһандану үдерісінде ұлттық құндылықтарды сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай жарыстар жас ұрпақтың бойында ептілік пен мергендікті дамытып қана қоймай, ата-бабадан мирас болған мәдени мұраға деген ықыласты арттырады. Әсіресе, асық ойындары арқылы балалар тек дене қимылын шыңдап қоймай, дәлдікке, сабырлылыққа, жеңіске деген жігерге тәрбиеленеді.
Жарыс қорытындысы бойынша бес асықтан 5–6 сынып оқушылары арасында Ақсу қаласының Үштерек орта мектебі жеңіс тұғырынан көрінсе, Екібастұз қаласының №11 мектебі екінші, Тереңкөл ауданы Аққайың ауылының мектебі үшінші орынды иеленді. Ал 7–8 сыныптар арасында да Үштерек мектебінің оқушылары үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Павлодар қаласының №40 мектебі екінші, Тереңкөл ауданы №1 Ёлгин атындағы мектебі үшінші орынға тұрақтады.
Асық ату бойынша 5–6 сыныптар арасында Баянауыл ауданы Егіндібұлақ мектебінің оқушылары топ жарып, Павлодар қаласының №48 мектебі екінші орынды иеленді. Үшінші орын Май ауданы Көктөбе мектебінің еншісіне бұйырды. 7–8 сыныптар арасында 1 орынды Баянауыл ауданының Лекер мектебі иеленсе, екінші орын Ертіс ауданы Қараағаш мектебінің оқушыларына бұйырды. 3 орынды Аққулы ауданы Әйтей ауылы мектебінің оқушылары иеленді.
Бұл жарыс – тек жеңімпаздарды анықтау алаңы емес, ұлттық рухты жаңғыртудың нақты көрінісі. Осындай игі бастамалар арқылы өскелең ұрпақ өз тамырын тереңірек танып, ұлттық болмысты бойына сіңіреді. Ұлттық ойын – бұл тек ойын емес, ол – ұлттың жаны, тарихы мен тағылымы.
Загрузка...
