Асық сылдыры – ұлттық рухтың үні

Павлодар қызмет көрсету колледжінде Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық ойындар күніне арналған ерекше мазмұндағы жарыс өтті. Іс-шара арнайы жалпы білім беру мектеп-интернаттары арасындағы XXXIII облыстық Спартакиада аясында ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлері – асық ату мен бес асық бойынша тартысты бәсекеге ұласты.

 

Бұл жарыстың мәні тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау, білім алушылардың дене дайындығын шыңдау және олардың бойында спорттық рух қалыптастыру. Осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрмет артып, салт-дәстүрге деген қызығушылық нығая түсетіні анық.

Жарыс барысында қатысушылар өздерінің дайындық деңгейін, мергендігін, ептілігін және табандылығын айқын көрсетті. Әрбір ойын сәті тартысқа толы болып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл – ұлттық ойындардың тек өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі күннің де маңызды тәрбиелік құралы екенін дәлелдейтін көрініс.

Бес асық бойынша өткен сайыста Шарбақты ауданындағы №5 АМИ командасы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Павлодар қаласындағы №7 АМИ бұйырса, үшінші орын Тереңкөл ауданындағы ЕББҚББҚО командасына берілді.

Ал асық ату бойынша жарыста Павлодар қаласындағы №4 АМИ командасы топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Ақсу қаласындағы №3 АМИ иеленсе, үшінші орын Павлодар қаласындағы АКБМИ №1 командасының еншісіне тиді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дипломдармен марапатталып, олардың жетістіктері көпшілік алдында лайықты бағаланды. Жарыстың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі – өңірде ұлттық спорт түрлерін дамытуға деген жүйелі көзқарастың айғағы.

Мұндай жарыстар – ұлттық рухты жаңғыртудың нақты көрінісі. Асықтың сылдыры мен ойынның қызуы арқылы балалар тек спорттық шеберлігін ғана емес, ұлттың терең тарихы мен тағылымын да сезінеді. Ұлттық ойындар – ұрпақ тәрбиесінің өзегі, ал оны дәріптеу – болашаққа жасалған маңызды қадам.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий