Жас таланттар жарқыраған «Naurys Fest»
Павлодар облысы, Май ауданында Ұлыстың ұлы күні – 22 наурыз мерекесіне орай өткен «Naurys Fest» аудандық конкурсы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды шара болды.
Байқауға аудан мектептерінің оқушылары белсенді қатысып, әртүрлі бағыттар бойынша өнерлерін көрсетті. «Өз ісінің шебері» номинациясында ағаштан жасалған сандықтар ұлттық қолөнердің терең тамырын паш етсе, «Болашақ дизайнері» бағыты ұлттық нақыштағы 3D жұмыстар арқылы дәстүрлі өнерді заманауи қырынан көрсетті. «Эко-шебер» номинациясында қатысушылар экологияға қатысты жобаларын қорғап, өзекті тақырыптарды көтерді.
Сондай-ақ, «5 асық» ұлттық ойыны мен «Әншуақ» бағыты бойынша жас таланттар ептілік, мергендік пен патриоттық сезімдерін көрсетті. Әрбір өнер көрсету ұлттық рух пен шығармашылықты үйлестіріп, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Конкурс қорытындысы бойынша үздік қатысушылар дипломдар мен алғыс хаттармен марапатталды. «Naurys Fest» – ұлттық дәстүр мен шығармашылықты ұштастыра отырып, жас буынның бойында мәдени құндылыққа құрмет пен отансүйгіштікті қалыптастыратын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Загрузка...

