Павлодар облысының 250 оқушысы IQanat олимпиадасының II кезеңіне қатысты
2026 жылғы 19–20 наурыз күндері Павлодар облысында IQanat республикалық олимпиадасының II кезеңі өтті. Бұл кезең өңірдің ауыл мектептерінен іріктелген ең үздік оқушыларды біріктірді.
Биыл олимпиада еліміз бойынша 50 000-нан астам оқушыны қамтыды, оның ішінде 10 000-нан астамы екінші кезеңге өтті. Павлодар облысынан бұл кезеңде шамамен 300 оқушы қатысты, олардың барлығы ауыл мектептерінің оқушылары.
II кезең жай ғана тестілеу емес, маңызды зияткерлік сынақ болды. Қатысушылар логикалық ойлау, математикалық және оқу сауаттылығы бойынша білімдерін көрсетті. Сонымен қатар, оқушылар ағылшын тілінен және таңдауы бойынша бір бейіндік пәннен – математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы немесе географиядан тапсырма орындады.
II кезең қорытындысы бойынша Қазақстан бойынша 1000 финалист анықталады. Олар финалда Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионында тегін білім алу мүмкіндігі үшін бақ сынайды. Сонымен қатар, финалистерге үш жылдық білім беру қолдауы ұсынылады. Бұл бағдарлама ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындықты, ағылшын тілін тереңдетіп оқытуды, IT дағдыларын, soft skills және кәсіпкерлік негіздерін дамытуды қамтиды.
II кезеңнің ерекшелігі – IQanat жобасының негізгі бағыттарының бірі болып саналатын Peer2Peer білім беру бағдарламасының жүзеге асырылуы болды. Бағдарлама аясында жоғары сынып оқушылары мен түлектер кіші сынып оқушыларымен білім бөлісіп, оларға академиялық және мотивациялық қолдау көрсетті. 1000-нан астам тьютор мен 150 куратор 10 000-нан астам оқушыны 7 пән бойынша дайындады: математика, химия, биология, физика, ағылшын тілі, география және Қазақстан тарихы. Биыл география мен Қазақстан тарихы пәндері алғаш рет енгізілді.
IQanat олимпиадасы ауыл оқушыларына жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға өз үлесін қосуды жалғастыруда.
Загрузка...
