Ғылым ордасы: Ғалымдар жазба мұраларды сақтау мен реставрациялаудың жаңа тәсілдерін талқылады
Бүгін «Ғылым ордасында» Қазақстанның жазба жәдігерлерін сақтау, реставрациялау және ғылыми зерттеу мәселелеріне арналған «Қазақстанның жазба мұрасын сақтау және қалпына келтіру: заманауи тәсілдер мен ғылыми тәжірибе» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар басталды.
Семинар BR28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» ғылыми бағдарламасы аясында Реставрация және консервация орталығының ұйымдастыруымен өткізілуде. Екі күнге созылатын жиынға еліміздің өңірлерінен 70-ке жуық маман — реставраторлар, кітапханашылар, архив және музей қызметкерлері, сондай-ақ жетекші ғылыми мекемелердің басшылары қатысуда.
Жиынның ашылу салтанатында «Ғылым ордасының» бас директоры Ұлар Мұқажанов семинардың ғылыми және стратегиялық маңызын атап өтті:
«Қазақстанның жазба мұрасы – ұлттық бірегейлігімізді айқындайтын, халқымыздың көпғасырлық ғылыми, мәдени және рухани тәжірибесін сақтаған тарихи жадымыздың маңызды бөлігі. Сондықтан оларды реставрациялау, ғылыми каталогтау және цифрландыру жұмыстары кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Осындай ғылыми кездесулер мамандардың тәжірибе алмасуына және ұлттық жазба мұрасын сақтаудың заманауи тәсілдерін дамытуға мүмкіндік береді», – деді Ұлар Мұқажанов.
Семинар барысында бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстан аумағында сақталған шығыс тілдеріндегі қолжазба мұраларын кешенді зерттеу екені атап өтілді. Қазіргі уақытта жоба аясында қолжазбалардың бірыңғай ұлттық тізілімі мен электрондық дерекқоры қалыптастырылып, сирек қорларды жүйелеу, кодикологиялық зерттеулер жүргізу және құнды жазба жәдігерлерді кезең-кезеңімен ғылыми айналымға енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Іс-шараның бірінші күнінде қатысушылар «Ғылым ордасы» мамандарының Түркиядағы жетекші реставрациялық мекемелердегі ғылыми тағылымдама нәтижелерімен танысып, Күлтөбеден табылған археологиялық кітаптарды консервациялау ерекшеліктерін талқылады. Практикалық бөлімде қатысушылар шығыстық «балық қабыршағы» капталын тігу әдісін тәжірибеде меңгеріп, реставрациялық зертханалардың жұмысын ұйымдастыру тәсілдерімен танысты. Жиын барысында «Ғылым ордасының» Реставрация және консервация орталығына танымдық экскурсия ұйымдастырылып, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және институтаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қарастырылды.
Бұл іс-шара отандық реставрациялық мектептің әлеуетін арттыруға, мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға және аса құнды жазба жәдігерлерді кезең-кезеңімен ғылыми айналымға енгізуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Загрузка...


