Білім бағдарламасындағы алтын асық
Наурызнама бағдарламасындағы ұлттық спорт күніне байланысты елордадағы Жақсылық Үшкемпіровтің есімін иеленген Жекпе-жек сарайында қазақы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Алтын сақа» флешмобы ұйымдастырылды. Цифрландыру жылы аясында жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы жүзеге асырылған бұл ауқымды мәдени-спорттық іс-шараны Айдар есімді жасанды интеллект жүргізді. Мерекелік мәдени-спорттық бағдарламаға бір мезетте үш мың бала қатысып, сақа иірумен қоса асық ойнады, – деп хабарлайды Астана қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Қатысушылар алдымен арнайы қойылым арқылы сап түзеп, асықтың «Алшы» пішіні мен «Алтын сақа» сөзін бейнеледі. Музыкалық сүйемелдеудің нәтижесінде жергілікті ұл-қыздар түрлі би қимылдарын бірге орындап, флэшмобтың көркемдік мазмұнын аша түсті. Содан соң барлық білім беру ұйымдарындағы (балабақшалар мен мектептер) асық ойыны ресми түрде ашық деп жарияланды. Сол сәтте жасанды интеллектінің белгісімен жалпы саны он сегіз мыңнан астам елордалық шәкірттер ұлттық спортқа жұмыла кіріскен-ді. Бұл игі іс-шараның негізгі мақсаты – асық ойынын насихаттау, тәрбиелік мәнін түсіндіру арқылы жас ұрпақтың ұлттық спортқа қызығушылығын арттыруды көздейді.
Әрбір ұлттың ғасырларға сабақтасқан құндылықтары болады. Және бір халықты екіншісінен ерекшелендіріп тұратын тілі мен мәдениеті, өнеріне қоса әдет-ғұрпы және спорттық ойындары бар. Бұл кез келген жұрттың қасиетін танытатын тұтас тағылым. Қазақтың отбасылық тәрбиесі жас жеткіншектерді нағыз толыққанды тұлғаға айналдыруға бағытталғанымен құнды. Айталық, асық ойыны барысында кез келген бала күні бойы үздіксіз қимылдап (жүгіру, жүру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру, ату және тағы да басқа), жастайынан барлық жағдайға барынша бейімделеді.
Яғни сақаны қолға алғанда бір аяққа тұрып, екінші тізе мен өкшені серпу арқылы қолдағы асықты алыстағы нысанаға құлаштай атқанда адамның он екі мүшесі дерлік түгел созылады екен. Демек бұл – буын ауруларына қарсы ғылыми медицина мамандарының тарапынан мақұлданған қажетті жаттығудың ең тиімді түрі. Әрі күллі жүйке, тамыр ауруларынан құтылуға таптырмайтын ем. Бір отырып, бір отырғанда қан айналымы жақсарады. Және бұл ойынның бойына спорттың барлық түрі сыйып тұр. Қос жанардың көру қабілетін арттыратын мергендікпен қатар баланың ептілігі, шапшаңдығы, табандылығына қоса төзімділігі жетіледі.
Жастардың ой-өрісіне сәйкес білім көкжиегі кеңейеді. Раушан Қалыбаева Кентау қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №12 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ол шәкірттеріне асық ойынының сан алуан әдіс-тәсілдерін үйрету арқылы балалардың моторикасын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Ұлттық спорттың құндылығын үздіксіз насихаттап жүрген педагогтің шеберлік сабағы облыс деңгейінде үздік деп танылып, жоғары бағаланды, – деп хабарлайды Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының аймақтық кезеңінде «Әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды иеленген. Қазіргі таңда кейіпкеріміздің асық ойынын дамытуға арналған әдістемесі қала мектептері мен балабақшаларында кеңінен қолданылып, оң нәтижесін беріп жүргенін білдік. Асық ойынының бір түрі – бестемше. Бұл мазмұны жағынан тоғызқұмалаққа ұқсас. Бұл бәсекеде әр ойыншы жиырма бес асықтан жалпы саны елуін қолдануға болады. Ойын барысында асықтар отауларға бөлініп салынады. Және кім көп жинаса, сол адам жеңімпаз атанады.
Раушан Абайқызының айтуынша, асықты есепшот арқылы қолдануға да болады. Қызыл, жасыл, қара, көк, сары, қоңыр түстерді балалар екі-үш жасынан бастап ажырата алады. Әр бала өз асығының санын тез анықтауды үйренеді. Бұл – санауға үйретудің тиімді тәсілі. Асықтар арқылы балалар математикалық дағдыларын ерте жастан қалыптастырады. Оларды тізу, санау, ұпай есептеу барысында ұл мен қыздың есепке бейімділігі артатындығы анық. Ұлттық спортты ұлықтап жүрген ол, асықпен түрлі логикалық ойындарды ұйымдастыруды қолға алған. Мысалы, асықтарды тақтаға немесе табаққа орналастырып, белгілі бір ережемен қозғалту арқылы баланың логикалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік бар.
– Соңғы жылдары асық ойыны мемлекеттік қолдауға ие болып, мәртебесі артып келеді. Елімізде асық атудан жарыстар мен чемпионаттар ұйымдастырылып жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Қазіргі таңда мектептерде дене шынықтыру пәніне аптасына екі сағат бөлінген, ал қосымша бір сағат спорттық ойындарға беріледі. Менің ұсынысым – осы факультатив сабақты ұлттық спорт ретінде енгізу. Сонда біз асық ату өнерін тереңірек әрі жүйелі түрде үйрете алар едік. Бұл пайымды пікірімді еліміздің басқа аймақтарындағы әріптестерім де қуана қолдайды деген сенімім мол, – деді ол сөзінің соңында.
Тарбағатай ауданындағы Жетіарал ауылының мұғалімі Ертіс Шоқанов арнайы мақсатта жиналған бір мың бес жүзден астам асықтан биіктігі 113 см-ге жететін торсық жасап шықты. Бала кезден сурет салуға құштар болған ол, орта мектепті бітірген соң Семей мемлекеттік педагогикалық университетіне «Көркем сурет және графика» факультетіне оқуға түскен-ді. Бүгінде туған жеріндегі қара шаңырақта бейнелеу өнері және көркем еңбек пәндерінен сабақ беріп жұр. Жұмыстан тыс уақытта қолына бояу ұстап, түрлі бұйымдардан мүсіндер жасайды. Кейіпкеріміз облыстың орталығында ауданның мәдени күндері ұйымдастырылатындығын естіп, қойылатын көрмеге жеке үлесін қосуды ойлағанмын.
– Ерекше тарту жасау мақсатында ойлана келе асықтарды пайдаланып, торсық жасауды ұйғардым. Әуелі ауданның әр түкпіріндегі мектептерден екі мыңға жуық асық жинадық. Ең әуелі торсықтың қаңқасы құрылды. Ол алты милиметрлік темірден иіліп отырып жасалды. – Көбірек асық кетсін деген ниетпен көлемін үлкейттік. Басында біраз қиыншылықтар болғаны рас. Әрі белгіленген уақыт жағы да тығыз еді. Басында асықты тесіп отырып, темірге айналдырып, тізіп құрамақшы болдым. Алайда жеңілдеу жолы табылды. Сыртын тормен орап алдым да асықты ыстық желіммен жабыстыруға кірістім. Әрине, жалғыз істесем жұмыстың өнбейтіні белгілі. Сондықтан қолынан іс келетін әріптестерімді көмекке шақырдым. Осылайша барлығымыз жабылып бес күнде дайын өнімді жасап шықтық, – дейді ол.
Ол осы торсықтың символдық мәнін әңгімелеп берді. Ұсақ асықтар құралып отырып, бір үлкен торсыққа айналып отыр ғой. Яғни, береке мен бірлік арқылы алынбайтын қамалдың жоқтығы шүбәсіз шындық. Және жұмыла көтерілген жүктің жеңілдігін, әр азамат елінің бір кірпіші болып қаланса, тәуелсіз мемлекетіміздің барлық сала бойынша қарқынды дамитынын жеткізгіміз келді. Оның үстіне өзіміздің ұлттық ыдысты насихаттаудың жолы. Асықтан құралуының өзі де бала кезіміздегі сүйікті ойынымызды өскелең ұрпаққа көрсетудің жолы. Нәтижесінде көрмеге қойылған торсыққа жиналған жұрт жоғары бағасын беріпті. Ұлағатты ұстаз алдағы уақытта да қолөнер арқылы ұлттық ыдыс-бұйымдарды, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттауға бар білімі мен білігін жұмсауға мүдделі.
– Махамбет ауданындағы «Алтын балық» балабақшасында көп жыл меңгеруші қызметін атқарған ардагер-педагог, Махамбет ауылдық округіндегі аналар кеңесінің төрайымы Тойған Сариеваның асықты пайдалану арқылы ең алғашқы ойлап тапқан «Таным» саласы бойынша дидактикалық ойыны «Сиқырлы асықтар» деп аталады. Бұл ойын балаларға санап, түстерді ажырата білуге дағдыландырумен қатар бес саусақтың моторикасын дамытады. Және бүлдіршіндеріміз асықтардың бүк, шік түсу атауларын үйреніп, жоғары мен төмен ұғымдарын қалыптастыратындығы нақтыланған, – деп хабарлайды Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
– Ойын барысында екі қатарлы дөңгелек қалыптың төменгі қатарында түрлі-түсті бірден онға дейінгі сандар орналасқан. Әр санның қасында үлкен асықтар арқылы таяқшалар орнатылған. Сол таяқшалар арқылы қалыптың екінші қатарындағы киіз үйде жиналған асықтарды саны мен түсіне қарай жоғарыдан төмен қарай орналастыру қажет. Орналасқан асықтардың түсу атауларын айту керек (бүк пен шік). «Мен қандай түспін?» ойынында перзенттеріміз ойын арқылы түстерді, пішіндерді ажыратады. Әрі санап үйренген соң аз бен көп ұғымдарын қалыптастыру арқылы логикалық ойлауын дамытары даусыз. Демек бұл негізінен баланың ойындағысын жүйелі түрде жеткізуге бағытталған, – дейді Тойған Қалимқызы.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...


