Білім беру сапасын арттыру және дарынды оқушыларды қолдау жүйесін дамыту

Бүгінгі білім беру жүйесінде педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру – білім сапасын жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі. Осы бағытта облыстың білім басқармасы тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, заманауи білім беру технологияларын меңгерту және тәжірибе алмасу алаңдарын кеңейту мақсатында семинарлар, олимпиадалар, курстар, әдістемелік кеңестер мен біліктілікті арттыру іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Облыстық жаратылыстану-математикалық пәндер мұғалімдері арасында өткен олимпиадаға 44 педагог қатысып, оның он сегізі жүлделі орындарға ие болды, ал 7 ұстаз «Үздік бейнесабақ» аталымымен марапатталды. Бұл білім додасы педагогтердің пәндік білімін ғана емес, олардың шығармашылық ізденісін де айқындады. Педагогтердің кәсіби шеберлігін дамыту мақсатында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» республикалық математикалық олимпиадасының облыстық кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Аймақтың аудан, қалаларынан қатысқан мұғалімдер өз білімдерін сынға салып, үздік нәтиже көрсеткен педагогтер республикалық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар математика пәні мұғалімдері арасында өткен «Математикалық регата» олимпиадасы командалық форматта ұйымдастырылып, педагогтердің бірлескен жұмыс мәдениетін дамытуға және логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіруге ықпал етті. Нәтижесінде үздік командалар анықталып, бірқатар педагогтер республикалық кезеңге жолдама алды.

Педагогтердің инновациялық ойлауын дамыту мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Teachers hackathon» педагогикалық хакатоны өңір ұстаздарының белсенділігін көрсетті. Командалық форматта өткен бұл алаңда мұғалімдер заманауи педагогикалық тәсілдер мен цифрлық технологияларды қолдана отырып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған жобаларын ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша өңір педагогтері жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ «Smart teacher – smart lesson» облыстық хакатонына облыс бойынша он команда қатысып, қазылар алқасының шешімімен Мұнайлы ауданының командасы бірінші орынды иеленді.

Математика пәнінің мұғалімдері арасында өткен «Математикалық прогрессия» облыстық байқауына 76 педагог қатысып, қатысушылар күрделі есептерді шешу арқылы өздерінің кәсіби деңгейлерін көрсетті. Оқу және математикалық сауаттылықты дамытуға бағытталған «Ой-сандық» зияткерлік байқауына облыстың барлық аудан, қалаларынан сексен педагог қатысып, нәтижесінде Мұнайлы ауданының командасы бас жүлдені жеңіп алды. Жалпы, аталған іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына, шығармашылық белсенділігінің артуына және тәжірибе алмасуына тиімді ықпал етуде.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, білім сапасының өсуіне негіз болады. Сонымен қатар Маңғыстау облысында дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Өңір оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі білім бәсекелерінде жоғары нәтижелер көрсетіп, еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайтуға үлес қосуда. Ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиада қорытындысы бойынша облыстың құрамасы жаратылыстану-математикалық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда-2025» аталымын иеленіп, Бас жүлдеге қол жеткізді.

Сонымен қатар қоғамдық-гуманитарлық бағытта да осы атаққа ие болып, командалық есепте алдыңғы саптан көрінген еді. Бұл көрсеткіштер ауыл мектептері оқушыларының білім деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. 7–8-сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиадаларда да өңір оқушылары қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда-2025» аталымына сай бірінші орын алды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада нәтижесінде аймақтың төрт білім беру ұйымы еліміздің «Ең үздік 100 олимпиадалық мектебі» рейтингіне енді.

Атап айтқанда: Ақтау қаласындағы Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі, №23 жалпы білім беретін мектеп, Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі және «Білім-Инновация» лицейі. Өңір оқушылары халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында да жоғары нәтижелер көрсетуде. Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында облыс оқушысы абсолютті жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленді. Сонымен қатар химия пәні бойынша Халықаралық Менделеев олимпиадасында және Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық олимпиадада 1 алтын мен үш күміс және 2 қола медаль алды.

Математика пәні бойынша Әл-Хорезми халықаралық олимпиадасында күміс медаль, ал математика, физика және информатика пәндері бойынша ХХІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қола медаль иеленді. Информатика пәнінен өткен XVII Еуразиялық халықаралық олимпиадада оқушылар үш күміс пен үш қола медальға қол жеткізді. Сонымен қатар Италия, Түркия және Орта Азия елдері арасында өткен робототехника бойынша халықаралық чемпионаттарда өңір оқушылары 7 алтынға қоса үш күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Ғылыми жобалар байқауында да жоғары нәтижелер байқалады.

«Зерде» республикалық ғылыми жобалар байқауында облыстан қатысқан отыз бес оқушының 29-ы жеңімпаз атанды. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында өңір оқушылары екі күміс және тоғыз қола медаль олжалады. Жалпы алғанда, қол жеткізілген нәтижелер педагогтердің кәсіби деңгейінің, білім беру ұйымдарындағы жүйелі жұмыстың және оқушылардың жоғары мотивациясының нақты көрсеткіші болып табылады. Алдағы кезеңде дарынды оқушыларды қолдау, олардың ғылыми-зияткерлік әлеуетін дамыту және халықаралық деңгейдегі жетістіктерін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.

Ақбөпе ИСКАЛИЕВА,
Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий