Жаңа буын мамандардың құзыреттілігіне қажет құрылым
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылорда қаласы тағы бір заманауи жаңа нысанмен толықты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, барлық ауданнан келген делегаттардың қатысуымен еліміздегі алғашқы «Құзыреттілік орталығы» ашылды.
Салтанатты шарада аймақ басшысы өңірдегі серпінді жобаларға тоқталып, жаңа орталық ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
– Наурызнама бойынша осы айдың 19-ы – Жаңару күні саналады. Айтулы мерекеде Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған сәулетті, жаңа заманауи «Құзыреттілік орталығын» ел игілігіне табыстаудамыз. Қаламызға көрік беретін жаңа, әсем ғимаратымыз құтты болсын! ҚР Президенті: «Қоғамның түрлі саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Бұл – экономиканы дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қажетті бастама», – деген болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өңірлерде «Құзыреттілік орталығын» салуды тапсырғаны баршамызға белгілі, – деді аймақ жетекшісі.
– Елімізде баламасы жоқ, бірегей орталық республика бойынша алғашқы болып аймағымызда бой көтерді. Орталық бизнес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған ортақ алаң болады. Жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеріп, қоғамда еңбек адамдарын танымал етуге, дәрежесін көтеруге, ең үздік қоғамдық және өндірістік дәстүрлерді анықтап мәртебелеуге, жастарды кәсіби еңбекке баулуға бағытталған орталық ел игілігіне қызмет ете берсін!
Жұмысшы мамандықтарының бағалануы – елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына оң әсер ететін маңызды қадам. Облыста білім беру саласына 2022-2025 жылдары бір триллион 159 миллиард теңге, ал биыл үш жүз екі миллиард бір жүз тоқсан алты миллион теңге қаралды. Соңғы төрт жылда қырық үш жаңа заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді. Баршаңызды қаламызға таңғажайып көрік берген, заманауи сәулетімен ерекшеленетін «Құзыреттілік орталығы» ғимаратының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді сөзінің соңында Нұрлыбек Машбекұлы.
Басқосуда білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысанның құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Байқадамов ізгі лебіздерін білдіріп, тұрғындарға құттықтауын жеткізді. Айта кету керек, екі қабатты, 1000 орындық жаңа ғимарат кезінде заңсыз сыртқа кеткен активтер есебінен қаржыландырылған. Бұл орталық студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтарының танымалдығын, жастардың жұмысшы кәсібіне деген қызығушылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналады. Өңірдегі жұмысшы құзыреттіліктері бойынша жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастырып, педагогтердің, жас мамандардың озық технологиялармен жұмыс істеуіне, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына мол мүмкіндік береді. Жоғары талғаммен салынған зәулім ғимаратқа қызықпағандар жоқтың қасы.
– Шиелі ауданынан келген делегацияның мүшесімін. Соңғы жылдары облыстың орталығымен қатар тұтас аймағымыз қайта жаңарып, ерекше кейіппен жасануда. Қызылорда қаласының дарияға жақын бос алқабында бой көтерген биік әрі заманауи көп қабатты тұрғын үйлердің қатарындағы әлеуметтік маңызы зор ғимараттар шырайлы шаһардың ғасырлық келбетін одан әрі айшықтай түсуде. Республика аумағында тұңғыш рет пайдалануға берілген бұл орталық та өте әдемі, биік, жарық екен. Жаңа үлгіде салынған нысан шынында көз қуантады. Өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алатын білім беру ұйымдарымен қатар шәкірттердің шығармашылығын шыңдап, жастарды таңдаған мамандықтарына сай бәсекеге қабілетті кәсіби құзіреттермен ілгері дамытатын тәжәірибелік алаңдардың көп болғаны жақсы, – дейді ағарту саласының ардагері Нәйлә Палымбетова.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі жариялаған мәліметтерге сүйенсек, бұл заманауи үлгідегі жаңа ғимарат республикалық, халықаралық деңгейдегі форумдар мен конференциялар, семинарларға қоса түрлі көрмелерді ұтымды ұйымдастыруға барынша бейімделген екен. Шара шеңберінде отандық педагогика саласының көкжиегін кеңейтуге мол үлес қосқан ұлағатты ұстаздар мен жаңа нысанның құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеменің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғанын білдік.
Сонымен бірге бір мың орынға есептелеген осы екі қабатты нысанды салып, қажетті материалдық-техникалық жарақтармен жабдықтауға кезінде заңсыз сыртқа кеткен активтердің есебіндегі қомақты қаржы жұмсалғаны айтылуда. Нәтижесінде бұл орталықтың студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтарының танымалдығын, жастардың жұмысшы кәсібіне деген қызығушылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналатындығы даусыз.
Өңірдегі жұмысшы құзыреттіліктері бойынша жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастырып, педагогтердің, жас мамандардың озық технологиялармен жұмыс істеуіне, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына мол мүмкіндік береді. Ұлыстың ұлы күні Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев жаңадан ашылған «Құзыреттілік орталығының» жұмысымен танысып, студенттердің халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына дайындалатындығына көз жеткізді. Және бұл кешен сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтардың танымалдығын, оған жастардың қызығушылығын арттырудың бірыңғай жаттығу алаңына айналмақ.
Әрі кәсіби дағды қалыптастыруға, педагогтердің, жас мамандардың озық технологиялармен жұмыс істеуіне, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына жол ашатындығына сенім зор. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында елордада ҚР Премьер-министрінің тапсырмасымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығы ашылатындығы өткен жылдың басында хабарланғаны-ды.
Ұлттық құзыреттілік орталығы бизнес пен білім беру ұйымдары арасында диалог алаңы рөлін атқарады, сондай-ақ студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтардың танымалдылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналатындығымен ерекше маңызға ие. Республикалық деңгейдегі жаңа орталықтың ұйымдастырылуы техникалық және кәсіби білім беру саласының тартымдылығы мен білім сапасын арттыру жөніндегі стратегияны жүзеге асырудағы негізгі қадам.
Орталық ұлттық құраманың әлемдік WorldSkills чемпионаттарына дайындалатын базасына айналады, сондай-ақ кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруда басты аймақтық база болатындығы нақтыланған. Сондай-ақ ол жұмыс берушілер мен кадрларды даярлау жүйесінің арасындағы ынтымақтастықты арттыратындығымен де тиімді. Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей елдерінде осындай орталықтар табысты жүзеге асырылып, жоғары білікті кадрлар даярлаудағы мол мүмкіндігін дәлелдеді. WorldSkills қозғалысы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың басты құралы болып табылады.
Халықаралық аренада ұлттық құрама мүшелері тәуелсіз еліміздің намысын соңғы он екі жылдан бері үздіксіз қорғап келеді. Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті кәсіби мамандардың жаңа буынын жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе. Ұлттық кадрларды даярлаудың сапасын арттыру бағытында мемлекет тарапынан көптеген қолдау мен көмектер жасалуда. Жергілікті колледждерде үздіксіз білім алуға құштар студенттер мен болашақ мамандардың біліктілігіне қоса оқытушы педагогтер мен тәжірибелі өндіріс мамандарының құзыреттерін арттыру мақсатында жасақталған жергілікті құзыреттілік орталықтарының беделін биіктету жайы барлық басшының күн тәртібінен түскен емес.
Аружан РАУАНҚЫЗЫ
Загрузка...


