Музыка әлеміндегі шабыт пен табыстың тоғысқан сәттері: павлодарлық жас дарындардың халықаралық жетістіктері
Классикалық музыка мен орындаушылық өнер – талант пен табандылықты талап ететін ерекше әлем. Осы биік өнер жолында Павлодар облысының жас музыканттары халықаралық деңгейде өз шеберліктерін дәлелдеп, жарқын жеңістерге қол жеткізуде.
Омбы қаласында өткен М.А. Апехтина атындағы халықаралық пианистер байқауы – жас орындаушылар үшін маңызды шығармашылық алаңдардың бірі. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқау жаңа есімдерді танытып, фортепиано өнерінің дамуына серпін береді. Биылғы додаға 119 жеке орындаушы мен 26 ансамбль қатысып, жоғары деңгейдегі бәсекелестік қалыптасты.
Байқау Омск қаласы әкімдігінің мәдениет департаментінің ұйымдастыруымен өтіп, өзінің жоғары мәртебесін тағы бір мәрте айқындады. Салтанатты ашылу рәсіміне Омбы облысы әкімінің орынбасары мен қала мэрінің қатысуы да шараның маңыздылығын арттыра түсті. Қазылар алқасының құрамында халықаралық деңгейдегі беделді музыканттар болды, олардың кәсіби бағалауы қатысушылар үшін үлкен тәжірибе мен жауапкершілік жүктеді.
Осындай беделді сахнада павлодарлық жас пианистер жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Атап айтқанда, Габдуллина Амина I дәрежелі лауреат атанса, Науменко София мен Смогулова Ирада II орынға ие болды. Ал Чистова Алиса мен Камзин Асанали III орын жүлдесін иеленді. Жас дарындарды дайындаған педагогтар – Колаян М.Х. мен Волкова И.Н. – шәкірттерінің табысына зор үлес қосты.
Бұл жетістіктер – оқушылардың табанды еңбегі мен ұстаздарының кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Олар тек жоғары орындаушылық деңгейін ғана емес, сонымен қатар сахналық мәдениет пен музыкалық шығармаларды терең түсіну қабілеттерін де көрсете білді.
Сонымен қатар, тағы бір қуанышты жаңалық – Павлодар өңірінің мақтанышы Түрегелді Жасұланның халықаралық сахнадағы жетістігі. Ол Мәскеу қаласында өткен Ю.Н. Должиков атындағы XV Халықаралық үрлемелі және соқпалы аспаптар орындаушылары байқауында II дәрежелі лауреат атанды.
Жасұлан өз өнерінде жоғары кәсібилік, виртуоздық техника және терең музыкалық экспрессияны паш етіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Оның сахнадағы өнер көрсетуі – талант пен тынымсыз еңбектің айқын дәлелі.
Бұл жетістікке оның ұстазы, тәжірибелі педагог Шлегель В.А.-ның қосқан үлесі зор. Ұстаздың бағыт-бағдары, кәсіби қолдауы және әрбір детальға мән беруі жас музыканттың толық мүмкіндігін ашуға ықпал етті. Ұстаз бен шәкірттің үйлесімді еңбегі үлкен нәтижелерге жеткізетінін тағы бір мәрте көрсетті.
Павлодарлық жас өнерпаздардың халықаралық байқаулардағы табыстары – тек жеке жетістік қана емес, өңірдің мәдени әлеуетінің жоғары екенін айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Бұл жеңістер жас буынға шабыт беріп, өнерге деген қызығушылықты арттыра түседі.
Дарынды жастар мен олардың ұстаздарын шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа шығармашылық белестер мен жарқын жеңістер тілейміз!
Загрузка...

