«МЕКТЕПКЕ ҚАУІПСІЗ ЖОЛ»: 1-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ТАНЫМДЫҚ САҒАТ ӨТТІ
Павлодар облысы, Аққулы ауданында «Мектепке қауіпсіз жол» тақырыбында 1-сынып оқушыларына арналған мазмұнды танымдық сағат ұйымдастырылды. Шараға 700-ден астам бүлдіршін қатысып, жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды білім алды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіру, көшеде өзін қауіпсіз ұстау дағдыларын қалыптастыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
– Танымдық сағат барысында оқушыларға жаяу жүргіншілерге арналған негізгі ережелер кеңінен түсіндірілді. Балаларға жолды тек арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер өткелінен өту, бағдаршам сигналдарын қатаң сақтау және көшеде барынша мұқият болу қажеттілігі нақты мысалдар арқылы көрсетілді. Сонымен қатар, жол белгілерінің түрлері мен олардың мағынасы таныстырылып, әр белгіне жеке түсіндірме берілді,- дейді Білім бөлімінің әдіскері Асем Оспанова.
Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында көрнекі материалдар, суреттер мен интерактивті түсіндіру жұмыстары қолданылды. Сұрақ-жауап форматындағы бөлім барысында оқушылар өз білімдерін көрсетіп, тақырыпты қаншалықты меңгергенін дәлелдеді.
Шара соңында балалар «жол ережесін сақтау – өз өміріңді қорғау» деген басты қағиданы терең түсініп, қауіпсіздік мәдениетінің маңызын сезінді.
Мұндай танымдық кездесулер жас ұрпақтың жолдағы жауапкершілігін арттырып, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Загрузка...

