Павлодарда «Baby Skills» өңірлік чемпионаты бастау алды
2026 жылғы 1 сәуірде Павлодар жоғары экономикалық колледжі базасында WorldSkills Pavlodar қозғалысы аясында «Baby Skills» бағыты бойынша өңірлік чемпионаттың салтанатты ашылуы өтті.
Аталған чемпионатқа №38 және №19 балабақшалардың тәрбиеленушілері, сондай-ақ «Ана үйі» ресурстық орталығының қатысушылары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалар арасында ерте кәсіби бағдар беруді дамыту, олардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін шыңдау, инженерлік ойлау мен практикалық дағдыларын қалыптастыру.
Чемпионат екі құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды:
«Тігін ісі және модельдеу»
«Робототехника»
«Тігін ісі және модельдеу» бағыты аясында қатысушылар логикалық ойлауға бағытталған тапсырмаларды орындап қана қоймай, өз қиялдарын еркін жеткізе отырып, ерекше әрі көз тартарлық шоппер-сөмкелерді безендірді. Әрбір жұмыс – бала қиялының, ұқыптылығы мен шығармашылығының жарқын көрінісі болды.
Ал «Робототехника» құзыреттілігі бойынша жас қатысушылар арнайы жиынтықтан көлік моделін құрастырып, оны заманауи технологиямен жабдықталған «ақылды тұраққа» енгізді. Бұл жүйе тапсырманың орындалу уақытын автоматты түрде тіркеп, балалардың дәлдігі мен жылдамдығын бағалады. Мұндай инновациялық элементтер жас қатысушылардың қызығушылығын арттырып, олардың техникалық ойлау қабілетін дамытуға серпін берді.
Аталған чемпионат балалардың заманауи мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға, олардың техникалық және шығармашылық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ WorldSkills қозғалысын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар болашақ мамандарды даярлаудың алғашқы сатысы ретінде маңызды рөл атқарады және балалардың өз мүмкіндіктеріне деген сенімін нығайтады.
Загрузка...

