Жетісу университетінде Ғылым декадасы аясында Марке политехникалық университеті филиалының ашық есік күні өтті
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасындағы Марке политехникалық университетінің филиалында Ғылым декадасы аясында ашық есік күні өтті. Шараға Жетісу облысы білім басқармасының өкілдері, Назарбаев зияткерлік мектебінің, №20 және М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің оқушылары қатысты. Ғылым декадасының ашылуында Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев сөз сөйлеп, апталық аясында атқарылатын шаралардың маңызына тоқталды.
«Ғылым декадасы – бұл жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Бұл – білім мен ғылымның тоғысқан, жаңа идеялар мен тың бастамалардың өмірге келетін алаңы. Ғылым апталығы аясында өтетін кездесулер, конференциялар, байқаулар мен семинарлар сіздердің ғылыми әлеуеттеріңізді арттырып, жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенемін» – деді ректор.
Марке политехникалық университеті Ауыл шаруашылығы, тағам және экологиялық ғылымдар департаментінің директоры Давиде Нери бейнеқұттықтау жолдады. Шара барысында «Италияда білім алу: тәжірибе, мүмкіндік, болашақ» тақырыбында ашық диалог алаңы өтті. Онда Марке политехникалық университетінің агрономия мамандығының оқытушысы Марко Фиорентини «Дәлме-дәл егіншілік және агрономиялық шешімдерді қолдау мен егістік жұмыстарын жүргізуге арналған жасанды интеллект», Халықаралық ынтымақтастық орталығының сарапшысы Ильяр Абдухаиров «Италияда Erasmus+ академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқу», Жетісу университетінің агрономия мамандығының 3-курс студенті Малика Арынова «Агрономия мамандығын оқудағы менің жолым», Екі шет тілі мамандығының 3-курс студенті Назым Нурсейтова – «Академиялық ұтқырлық аясында шетелде білім алу: менің Малайзия еліндегі тәжірибем» тақырыбында ашық диалог жүргізіп, өз тәжірибелерін ортаға салды. Ашық есік күніне келген қонақтар мен мектеп оқушылары «Jas galym» және «Zhetysu startup» жобаларының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, Speed Breeding пен Академиялық артықшылық орталығын аралап, Марке политехникалық университеті филиалының базасымен жақынырақ танысты.
Загрузка...


