Жастарға қажет – идея, ізденіс, инновация

Елордада жас педагогтердің кәсіби дамуына серпін берген маңызды білім беру іс-шарасы Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жоспарына сәйкес Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom School мектеп-лицейінің базасында «Young teachers’ platform: идея, ізденіс, инновация» тақырыбында ұйымдастырылды. Іс-шара салтанатты түрде ұлттық нақыштағы «Dombyra-sound» бағдарламасымен ашылып, жиналғандарға ерекше рухани әсер сыйлады. Қалалық семинардың ресми рәсімінде алғы сөзге шыққан осы ұйымшыл ұстаздар ұжымының директоры Омаров Сәтжан Кәрібайұлы мен жергілікті әдістемелік орталықтың қазақ тілі мен әдебиеті әдіскері Кайркенова Жанар Муслимовна қатысушыларға ізгі лебіздерін жеткізді.

Ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты – жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи білім беру үрдісіндегі инновациялық әдіс-тәсілдерді тәжірибеге тиімді енгізу және олардың шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсетуге бағытталған болатын. Білім беру сапасын арттыруді көздеген бұл ашық алаң жас педагогтер үшін тәжірибе алмасу мен жаңа идеялар генерациясының маңызды ортасына айналды. Пленарлық бөлімде білім беру саласындағы өзекті бағыттар кеңінен талқыланды.

Қадыр Мырза Әлі атындағы директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары, педагог-зерттеуші Ибраева Айгүл Аронқызы мен осы білім беру ұйымындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Бимбетова Замира Асилхановна «PBL RAIC» жобасы: тапсырмадан тәжірибеге дейін» тақырыбында баяндама жасаса; жас мамандар Бухарбаев Ерсұлтан Бакытбекович, Кажиахметова Аяулым Бауыржанқызы, Тлеухан Баян Нұрлыбекұлы, Кажибекова Ботагөз Қадырбекқызы «Альбатрос: үздіксіз даму ортасы» бойынша пікірлерін ортаға салды.

«Жасанды интеллект – білім беру саласындағы жаңа мүмкіндік» тақырыбында Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері педагог-зерттеуші, тәлімгер Назерке Сакентаевна Алдашова мен жас маман Сейтбек Күлаш; «Ағылшын тілі сабағында SEL әдістерін тиімді енгізу жолдары» бойынша Қаныш Сәтпаев атындағы BINOM school мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері педагог-зерттеуші, тәлімгер Шакиева Бибигуль Калымтаевна мен жас маман Өтеген Дильназ Мажитқызы шеберлік сыныптарын ұйымдастырды.

Ахмет Байтұрсынов атындағы BINOM school мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері – педагог-зерттеуші Мурат Жупар Мураткызы мен педагог-модератор Сейтахмет Алдияр Ермұхамбетұлы «Жасанды интеллект арқылы оқу сауаттылығын дамыту әдістері» тақырыбын зерделесе; №15 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Асемова Рауан Саметқызы «Оқу мақсаттарына жетудің тиімді жолдарын» сарапқа салды.

«Оқитын ұрпақ – ойлы ұлт: цифрлық дәуірдегі оқырман қалыптастыру стратегиялары» бойынша Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM school мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, педагог-модераторлар Ахметова Алия Закулгадиновна мен Кубигенова Райхан Наурызбаевна пікірлерін пайымдаса; осы мектеп-лицейдің психологы, педагог-зерттеуші, тәлімгер Бақтыгерей Мадина Хангерейқызы және дефектолог жас маман Қуанышбекова Аяжан Қанағатқызы «Brain Gym: оқушы миын қалай белсендіреміз?» деген сан сауалға жан-жақты жауаптарын жеткізді.

Project-Based Learning (PBL) және Social-Emotional Learning (SEL) тәсілдері таныстырылып, олардың оқу үдерісіндегі тиімділігі жан-жақты таразыланды. Сонымен қатар жас мамандар қауымдастығының жұмыс тәжірибесі ұсынылып, педагогтердің кәсіби дамуына ықпал ететін заманауи үрдістер қамтылды. Семинар аясында ұйымдастырылған шебер-сыныптар ерекше қызығушылық тудырды. Елордалық мектептердің тәжірибелі педагогтері тағылымға толы іс-тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру процесін жетілдіруге бағытталған тың әдістерді ұсына білді.

Атап айтқанда, жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде қолдану, Сингапур әдістемесінің тиімді жолдары, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру, сондай-ақ цифрлық оқырман қалыптастыру бағыттары да жан-жақты көрсетілді. Бұл бағыттар бүгінгі білім беру жүйесіндегі маңызды трендтермен үндесіп, жас мамандар үшін құнды тәжірибе алаңына айналғаны даусыз. Сонымен қатар семинар бағдарламасына психологиялық тренингтер енгізіліп, қатысушылардың кәсіби күйзелістің алдын алу, эмоционалдық тұрақтылықты сақтау және тиімді коммуникация орнату дағдыларын дамытуға мүмкіндік берілді.

Бұл бөлім педагогтердің тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөлінгенін аңғартты. Іс-шараның соңында кері байланыс алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Жас педагогтер семинардың мазмұндық тұрғыдан қаншалықты бай, тәжірибелік маңызы жоғары болғанын атап өтіп, мұндай кәсіби алаңдардың алдағы уақытта да жалғасын табуына ниет білдірді. Жалпы алғанда, «Young teachers’ platform: идея, ізденіс, инновация» қалалық семинары жас мұғалімдердің кәсіби дамуына тың серпін беріп, білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде маңызын айқын көрсете білді.

Дастан ЕРКІНҰЛЫ,
Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК баспасөз хатшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий