Абай шығармашылығындағы құндылықтар

Елордалық білім басқармасы, қала әкімдігінің «Әдістемелік орталығының жан-жақты қолдауымен Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында «Абай шығармашылығындағы құндылықтар негізінде оқыту және тәрбиелеу» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бұл шараға еліміздің әр өңірінен биология-география, химия-физика, математика-информатика секциясына жүзден астам мұғалім тіркелсе, мегаполистің жаратылыстану бағытындағы екі жүз елуден жоғары мұғалім қатысты.

Абай Құнанбайұлы шығармашылығындағы құндылықтарды жаратылыстану ғылымдарына кіріктіріп оқыту, инновациялық әдістерді қолданудың мүмкіндіктерін талдауды мақсат еткен конференция өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Келелі кеңеске қатысушылар мектеп ұжымы дайындаған оқушылардың өнерін тамашалап, Абай мұражайынының жұмысымен танысты. Сонымен қоса Абай өлеңдерін жаттатудың тың тәсілі «Зерделі зейін» жобасына қатысушы оқушылардың поэманы жатқа айту машығымен танысты. Оқушылар көремендер сұраған кез келген жерден поэманы іліп алып, жатқа айтып, таң-тамаша етті.

Арнайы қонақтар балалардың зейінін ашудағы тың тәсілге ризашылықтарын білдіріп жатты. Димаш Құдайбергенге арналған кабинетте оқушылар түрлі аспапта ойнап, өнерлерін көрсетті. Аталған мектеп мұғалімдерінің Абай шығармалары арқылы құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен шебер-сыныптарының жұмысымен танысты. Конференцияның пленарлық бөлімінде мектеп мұғалімдері, оқушылары Абай шығармаларынан жатқа оқып, әндерін орындап, көрерменді бір серпілтіп алды. Конференцияны ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төраға орынбасары Мақсұтова Зейнеп Әбдіжүсіпқызы құттықтау сөз сөйлеп, «Абай шығармаларындағы құндылықтар арқылы тәрбиелеудегі мектеп тәжірибесіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Арнайы баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы «Абай тілінің ерекшеліктері», PhD, Nazarbayev University-дің жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі, қазақ тілі мен түркітану бірлестігінің оқытушысы Шоқай Мустафа Табиғатұлы «Абайдың педагогикалық идеялары және жаратылыстану пәндерін құндылыққа негіздеп оқыту», Qundylyq.kz мұғалімдерді кәсіби дамыту орталығының педагог-тренері Абылай Нұрдәулет Досжанұлы «Махаббатпен жаратқан адамзатты» тақырыптарындағы ізденістерін ортаға салды.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Ақмер Біржан «Абай шығармашылығын білім беру жүйесіне енгізудің жолдары мен әдістері», Binom Education мектептерінің бизнес-даму жөніндегі директоры, PhD Жайық Сұлтан Исаұлы «Абай мұрасындағы «Толық адам» концепциясы және қазіргі білім берудегі тәрбиелік маңызы» тақырыптарында ақын шығармаларының сан алуан қырларын ашып, білім беру үрдісіне енгізу туралы жаңашыл ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі Киізбай Әсел Нұрланқызы, 8-сынып оқушысы Шынар Батырханқызы, физика пәнінің мұғалімі Кеңес Дауыл іс-тәжірибелерімен бөлісіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Шара соңында қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Асыл Амангелдіқызы, Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының басшысы Дауешова Сындар Мұратқызы білім беру саласын дамытудың мәні мен маңызына тоқталып, барлық қатысушыларға алғыстарын білдірді.

Абай Құнанбайұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры Айгүл Оңдағанқызы білім беру ұйымындағы құндылықтарды насихаттау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, барлық қатысушыларға тәжірибе бөлісуде табыстар тіледі. Жемісті жиында тың ойларын, зерттеулерін көпшілікке таныстырған арнайы шақырылған спикерлерді Асыл Амангелдіқызы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапаттап, естелік сыйлықтар табысталды.

Басқосудың екінші бөлімінде қатысушылар биология-география пәні мұғалімдерінің, химия-физика пәні мұғалімдерінің, информатика-математика пәні мұғалімдерінің секцияларына бөлініп, тәжірибелерін таратып, өзара пікір алмасты. Негізгі мақсат – жас ұрпақ бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, ұлттық сананы жаңа сапалық деңгейде қалыптастыру екенін кері байланыс беру барысында барлық қатысушылар айрықша атап айтты. – Келелі кеңестен өте құнды ақпараттар біліп, әдіс-тәсілдермен таныстық, сабақ беруде жаңаша бағыт, шабыт алдық, – деген ізгі ниеттегі әріптестер ұйымдастырушыларға ақжарма алғыстарын жеткізуді де ұмытқан жоқ.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ,
Әдістемелік орталықтың әдіскері, Астана қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий