ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ НЕГІЗІНДЕ DEEPBAS СУ РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУДЫҢ ИНТЕГРАЦИЯЛАНҒАН ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі О.А. Бектеновтің ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында 2026 жылғы 8 сәуірде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі – Академия) Қытай Ғылым академиясы мен Чжэцзян технологиялық университетінің жетекші ғалымдарымен бірлесіп ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, су ресурстары саласына инновациялық шешімдерді енгізуге және озық тәжірибе алмасуға бағытталған кездесу-кеңес өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – елдің су қауіпсіздігі саласындағы жүйелі мәселелерді шешу және су ресурстарын басқарудың жаңа цифрлық моделін қалыптастыру.
Қазіргі таңда Қазақстанның су жүйесі бірқатар күрделі сын-қатерлерге тап болып отыр:
– Тянь-Шань өңіріндегі мұздықтардың 50%-ға дейінгі бөлігі жойылған, бұл 2050 жылға қарай су ресурстарының едәуір қысқару қаупін туындатады;
– су ресурстарының 44,3%-ы трансшекаралық сипатқа ие, бұл көрші мемлекеттерге тәуелділікті күшейтеді;
– алынған судың небәрі 42%-ы ғана соңғы тұтынушыға жетеді, қалған бөлігі тасымалдау барысында жоғалады;
– 13 000 км-ден астам суару арналары толық есепке алу мен цифрлық бақылаудан тыс қалып отыр;
– нақты су балансының болмауына байланысты шығындар мен айыппұлдар 84%-дан астамға артқан.
Қолданыстағы басқару жүйесі деректердің бытыраңқылығымен және реактивті тәсілмен сипатталады, бұл дағдарыстық жағдайларды тиімді болжауға және алдын алуға мүмкіндік бермейді.
Іс-шара барысында төмендегі жобалар таныстырылды:
– DeepBas және SHANG SHAN (Tuduo): кеңістіктік-уақыттық ірі ЖИ моделі мен шешім қабылдауды қолдайтын интеграцияланған платформаның таныстырылымы;
– SIGMA: мониторинг және болжауға арналған цифрлық платформаның көпфункционалды мобильді кешені.
Су ресурстарына түсетін жүктеменің артуы және климаттық өзгерістер жағдайында үлкен деректер мен жасанды интеллектке негізделген интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу ерекше маңызға ие. DeepBas (Deep Basin Spatiotemporal AI) жобасы су ресурстарын басқаруды цифрландыру, тиімділік және ғылыми негізделген шешім қабылдау тұрғысынан жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Жобаның негізгі элементтерінің бірі – ұлттық су жүйесінің цифрлық егізін құру. Бұл жүйе:
– су ағындары мен қорларын болжауға;
– құрғақшылық пен тасқын сценарийлерін модельдеуге;
– су ресурстарын бөлуді оңтайландыруға;
– суару жүйелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
А.К. Күрішбаев өз сөзінде: «Мемлекет басшысы суды стратегиялық ресурс ретінде айқындап, су ресурстарын жасанды интеллект негізінде басқарудың заманауи жүйесіне көшуді міндет етті. Үкімет Бірыңғай су ресурстары платформасын және Ұлттық ақпараттық жүйені құрудың нақты мерзімдерін белгіледі.
Бүгінде су ресурстарын басқару әлі де фрагменттелген күйде. Жерүсті суларының 44,3%-дан астамы Қазақстан аумағынан тыс жерде қалыптасады. Алынған судың тек 42%-ы ғана тұтынушыға жетеді. 13 мың каналдың жартысында толыққанды есеп жүргізілмейді. Деректер бытыраңқы, ал бағалаулар көбіне ескірген зерттеулерге сүйенеді. Бұл – бізде тек су тапшылығы ғана емес, су туралы сенімді білімнің де жетіспеушілігі бар екенін көрсетеді», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол қазіргі жағдай тек су тапшылығымен шектелмей, климаттың өзгеруі, мұздықтардың азаюы, ағынның тұрақсыздығы, құрғақшылық пен тасқындардың жиілеуі, топырақтың деградациясы, шөлейттену, су сапасының төмендеуі, инфрақұрылымның тозуы және деректер тапшылығы сияқты кешенді мәселелермен байланысты екенін атап өтті.
Осыған байланысты су ресурстарын басқарудың ғылыми негізделген интеллектуалды жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл жүйе дайын шетелдік шешімдерді жай көшіру арқылы емес, оларды Қазақстанның табиғи-географиялық және гидрологиялық ерекшеліктеріне бейімдеу арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Қазіргі таңда «Жасанды интеллект негізіндегі DeepBas су ресурстарын басқарудың интеграцияланған жүйесі» атты флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламаға арналған ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді. Келесі кезең – жүйе архитектурасын, әдіснамалық тәсілдерді және негізгі зерттеу бағыттарын қамтитын толыққанды ғылыми бағдарламаны қалыптастыру болып табылады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, жоба жерүсті және жерасты сулары, климаттық және гидрологиялық бақылаулар, жер ресурстары мен инфрақұрылым сипаттамалары жөніндегі деректерді бірыңғай жүйеге біріктіруді көздейді. Соның негізінде модельдер, болжау құралдары және басқарушылық шешімдерді қолдау тетіктері қалыптастырылып, жасанды интеллект білімді интеграциялау мен талдауды күшейтудің негізгі құралы ретінде қарастырылады.
Академия 2025 жылдан бастап Қытайдың ғылыми және технологиялық ұйымдарымен тұрақты серіктестік қатынастар орнатты. Осы ынтымақтастық аясында Қытай Ғылым академиясы, Чжэцзян технологиялық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Қытай Халық Республикасының жоғары технологиялық компанияларының қатысуымен кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі Қазақстан–Қытай халықаралық бірлескен зертханасы құрылды.
Біздің алдымызда жерүсті және жерасты сулары бойынша деректерді, гидрологиялық және метеорологиялық бақылауларды, Жерді қашықтан зондтау материалдарын, топырақ пен ландшафт туралы мәліметтерді, су шаруашылығы инфрақұрылымын, аграрлық жүктемені және төтенше жағдайлар тәуекелдерін бірыңғай жүйеге біріктіру міндеті тұр.
DeepBAS жобасын іске асыру Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуда және су шаруашылығы саласына озық цифрлық шешімдерді енгізуде маңызды қадам болмақ.
Сондай-ақ іс-шара аясында Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Жасанды интеллект» қос дипломды білім беру бағдарламасының студенттеріне сертификаттар табыстау рәсімі өтті. Іс-шара «Болашаққа жол: AI дәуірі» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, ғылым, цифрлық технологиялар және салалық экономика тоғысындағы жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған стратегиялық ұстанымның көрінісі болды.
Іс-шара барысында Ақылбек Күрішбаев жасанды интеллект пен халықаралық білім беру бағдарламаларын дамыту елдің бәсекеге қабілетті ғылыми-білім беру ортасын қалыптастырудың және технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы екенін атап өтті.
Қосымша нәтиже ретінде робототехника бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бірлескен бастамалардың аясын кеңейтіп, халықаралық академиялық кеңістікке ықпалдасуды күшейтеді.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, салалық министрліктердің өкілдері, Чжэцзян технологиялық университетінің ғалымдары, жасанды интеллект және су қауіпсіздігі саласындағы Қытай Халық Республикасының ірі ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай ғалымдары қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен зерттеулерді дамытуға, инновациялық шешімдерді енгізуге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қарар қабылданып, алдағы өзара іс-қимыл жоспары келісілді.
Загрузка...




