Павлодарда жас таланттар кәсіби шеберліктерін көрсетті
Павлодар қаласында жасөспірімдердің кәсіби бағдарын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шаралар өтті. Солардың бірі – «Павлодар қызмет көрсету саласы колледжі» базасында ұйымдастырылған «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Abilympics JuniorSkills облыстық чемпионаты.
Аталған байқау ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9–10 сынып оқушылары арасында өткізілді. Чемпионаттың басты мақсаты – оқушылардың кәсіптік қызығушылығын арттыру, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру және болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт беру. Қатысушылар белгілі бір уақыт ішінде ұлттық бас киім – тақия тігу тапсырмасын орындап, өздерінің шығармашылық қабілеттері мен практикалық дағдыларын көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталып, үздіктер дипломдарға ие болды.
Сонымен қатар, JuniorSkills бағыты бойынша өңірлік чемпионаты да өтті. Бұл чемпионат Павлодар жоғары экономикалық колледжі базасында ұйымдастырылып, оған қала мектептері мен Абай атындағы гимназияның оқушылары қатысты.
Қатысушылар «Графикалық дизайн» және «Робототехника» құзыреттіліктері бойынша өз білімдері мен дағдыларын сынады. Графикалық дизайн бағытында оқушылар 3D-модельдеу арқылы цифрлық жобалар әзірлесе, робототехникада радиобасқарылатын көліктерді құрастырып, оларды бағдарламалау жұмыстарын жүргізді.
Аталған чемпионаттар жасөспірімдердің шығармашылық ойлауын, инженерлік қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын таңдауға алғашқы қадам жасауына мүмкіндік береді. Бүгінде мұндай байқаулар білім беру жүйесінде тәжірибеге бағытталған оқытудың маңызын арттырып, жас мамандардың қалыптасуына ықпал етуде.
Загрузка...

