Павлодарда балабақша тәрбиеленушілері кәсіби әлемге алғашқы қадам жасады
Бүгін мектепке дейінгі жастағы балалар арасында BabySkills Pavlodar 2026 өңірлік чемпионаты өтті. Іс-шараның басты мақсаты – балалардың ерте жастан кәсіби дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін ашу және жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттыру.
Павлодар қаласындағы №44 сәбилер бақшасының базасында Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі тәрбие» құзыреттілігі бойынша чемпионат өтті. Оған облыстың мектепке дейінгі ұйымдарынан 5 жастағы тәрбиеленушілер қатысты. Қатысушылар бірнеше модульден тұратын тапсырмаларды орындап, өз білімдері мен икемдерін көрсетті. Бағдарлама барысында балалар тек тапсырмаларды орындап қана қоймай, ойын арқылы сергіп, достық атмосферада тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ, Павлодар монтаждау колледжінің ұйымдастыруымен №126 сәбилер бақшасының базасында чемпионат «Флористика» құзыреттілігі бойынша жалғасын тапты. Қатысушылар «Анама арналған көктемгі гүл шоғы» тақырыбында шығармашылық жұмыс орындап, қағаз және табиғи материалдардан «вазадағы гүлдер» композициясын жасады. Байқау барысында жұмыстардың ұқыптылығы, эстетикалық безендірілуі, композициялық шешімі және шығармашылық көзқарасы жан-жақты бағаланды.
Барлық қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай байқаулар балалардың ерте жастан шығармашылық және практикалық қабілеттерін дамытып қана қоймай, олардың болашақ мамандыққа деген қызығушылығын қалыптастыруға зор мүмкіндік береді.
Загрузка...

