Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болашақ мамандар
Қазіргі уақытта табиғи және техногендік қауіп-қатерлер адамзат қоғамының тұрақты дамуына елеулі әсер ететін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Жер сілкінісі, сел, көшкін, су тасқыны, құрғақшылық, дауыл, орман өрттері сияқты табиғи құбылыстар көптеген мемлекеттерде үлкен материалдық шығындарға және адам шығынына әкелуде. Сонымен қатар өндірістік апаттар, радиациялық және химиялық ластану, өндірістік жарылыстар сияқты техногендік қауіптер де қоғам үшін үлкен қауіп төндіреді.
Ғалымдардың пікірінше, соңғы жүз жыл ішінде табиғи апаттардың саны айтарлықтай өскен. Егер ХХ ғасырдың басында әлемде жылына шамамен 10 ірі табиғи-техногендік апат тіркелсе, ғасырдың ортасында олардың саны 65-ке жеткен, ал ғасыр соңында жылына 200-ге жуық апат тіркелген. Яғни бір ғасыр ішінде табиғи апаттардың саны шамамен 20 есе артқан. Соңғы 50 жылда әлемде 11 мыңнан астам табиғи апат тіркеліп, олардың салдарынан 8 миллионнан астам адам қаза тапқан. Ал ХХІ ғасырда БҰҰ мен EM-DAT (Emergency Events Database– бұл әлемдегі табиғи және техногендік апаттар туралы ең ірі халықаралық мәліметтер базасы) дерекқоры бойынша 2000–2019 жылдары әлемде 7 348 ірі табиғи апат тіркелген.
Табиғи апаттардың экономикалық шығындары да өте жоғары деңгейге жетіп отыр және жыл сайын артып келеді. Табиғи апаттардан болатын экономикалық шығындар да жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі уақытта қауіпті табиғи процестерден болатын орташа экономикалық шығын 150 млрд. АҚШ долларын құрайды. Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Соңғы онжылдықтарда табиғи апаттардың көбеюінің негізгі себептерінің бірі – жаһандық климаттың өзгеруі.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметтері бойынша, қазіргі жаһандық температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 1,1°С-қа жоғарылаған. Осындай күрделі қауіптерді зерттеу және оларды басқару үшін арнайы дайындалған мамандар қажет. «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығы табиғи процестер мен техногендік әсерлерді кешенді түрде зерттеуге бағытталған. Аталған мамандық бойынша білім алатын студенттер: табиғи апаттардың пайда болу механизмдерін, қауіпті аймақтарды анықтау әдістерін, қауіптерді бағалау тәсілдерін, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын үйренеді.
Оқу барысында студенттер келесі пәндерді меңгереді: география, геоморфология, геология, гидрология, сейсмология, метеорология, экология, геоақпараттық жүйелер (GIS). Сонымен қатар заманауи ғылыми әдістерді пайдаланып, табиғи процестерді талдау, қауіпті аймақтарды картаға түсіру және қауіптерді бағалау дағдыларын меңгереді. Бұл мамандық түлектері әртүрлі салаларда жұмыс істей алады: төтенше жағдайлар қызметі, ғылыми-зерттеу институттары, экологиялық ұйымдар, мемлекеттік басқару органдары, табиғи ресурстарды басқару мекемелері, инженерлік және сараптамалық ұйымдар.
Сонымен қатар табиғи апаттардың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бар. Мамандық бойынша білім алатын студенттер оқу барысында әртүрлі мемлекеттік және ғылыми мекемелерде тәжірибеден өте алады. Олардың қатарында: Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығы, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазгидромет, Сейсмологиялық байқаулар және зерттеулер ғылыми зерттеу орталығы, Қазселденқорғау, Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталығы, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты ұйымдар, «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ және басқада жергілікті төтенше жағдайлар департаменті мен бөлімшелері сияқты ұйымдар бар.
«Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығы – табиғи процестерді терең түсінуге, қауіпті жағдайларды болжауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болашағы зор ғылыми бағыттардың бірі. Қазақстанда «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» білім беру бағдарламасы әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар бұл бағыт бойынша бакалавриаттан кейін магистратура және докторантура деңгейінде білімін жалғастыруға мүмкіндік бар.
Магистратура және докторантура бағдарламасы табиғи және табиғи-техногендік процестерді зерттеу, қоршаған ортаның жағдайын бақылау және қауіп-қатерлерді басқару саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталған. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқысы келетін, табиғатты зерттеуге қызығушылық танытатын талапкерлерді осы перспективалы мамандық бойынша білім алуға шақырамыз.
Әсима Ғалымжанқызы Көшім,
“Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер”
мамандығының координаторы, география
ғылымының докторы, профессор, Алматы қаласы
