Таза Қазақстан – жарқын болашақ кепілі

Біздің еліміз – кең байтақ жері, әсем табиғаты мен бай ресурстарымен ерекшеленетін мемлекет. Алайда табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. «Таза Қазақстан» ұғымы тек экологияны ғана емес, сонымен қатар қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігін де білдіреді. Алайда соңғы жылдары өнеркәсіптік өндіріс орындарынан шығатын және тұрмыстық қалдықтардың көбеюі қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Әсіресе ірі қалаларда ауаның ластануы, өзен-көлдердің тартылуы, қоқыс мәселесінің ушығуы – алаңдатарлық жағдай.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы тек қоршаған ортаны тазарту емес, ол – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру, саналы өмір салтын насихаттау дегенді білдіреді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Қалаларда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа саябақтар салынып, өндіріс орындарының экологиялық талаптарды сақтауына бақылау күшейтілуде. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының ұстаздары «Таза Қазақстан» – мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұлт болашағы – студенттермен бірлесе отырып көптеген жұмыстар жүргізуде. Таза Қазақстан – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі,  ұлттық құндылық және тұрақты дамудың негізі және басқа да көптеген тақырыптарды тілге тиек ететін семинарлар өткізіп, қоршаған ортаны қорғау – тек міндет емес, әр азаматтың қасиетті парызы екендігін түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаш отырғызу акциялары өткізіліп, студенттерді табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үйретеді.

«Таза Қазақстан» – бұл бір реттік акция немесе уақытша науқан емес. Ол – ұзақ мерзімді, жүйелі жұмысты талап ететін кешенді үдеріс. Табиғатты қорғау арқылы біз тек қоршаған ортаны ғана емес, өз денсаулығымызды, болашақ ұрпақтың өмір сапасын сақтаймыз.

Таза Қазақстан – әрбір азаматтың саналы таңдауы мен ортақ жауапкершілігінің нәтижесі. Егер біз бүгін табиғатты аялауды үйренсек, ертеңгі ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдырамыз. Сондықтан табиғатты қорғау ісіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет.

әл-Фараби атындағы атындағы Қазақ ұлттық университетінің
химия және химиялық технология факультетінің жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының доценттері
Роза Рыскалиева,
Оксана Пономаренко,
Луиза Бейсембаева

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий