«TAIQAZAN–2026» фестивалінде павлодарлық қатысушы үздіктер қатарында
7–10 сәуір аралығында Алматы қаласында «TAIQAZAN–2026» ІІ Халықаралық кәсіби шеберлік фестивалі өтті. Ауқымды шараны Алматы облыстық сервис және тамақтану саласындағы инновациялық технологиялар колледжі ұйымдастырды. Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен және шет елдерден келген жас мамандар қатысып, өз шеберліктерін сынға салды.
Аталған беделді додада Павлодар сервис және тамақтану колледжінің АК 1-47 тобының студенті Мейрамов Нурхан өңір намысын абыроймен қорғады. Ол TQ-2 «Ет тағамдары» номинациясы бойынша жоғары кәсіби шеберлік танытып, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Нұрханды байқауға өндірістік оқыту шебері Арынова Ақмарал Қадыровна дайындады. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегі мен жүйелі дайындығы өз нәтижесін беріп, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.
Фестивальге құрметті қонақтар ретінде «TALAP» КЕАҚ вице-президенті Бақытжан Үмітбекқызы Биекова, Алматы облысы білім басқармасының басшысы Қайрат Ізбасарұлы Жұманов, Түркиядағы Мехмет Зеки Болджи атындағы қонақжайлылық индустриясы колледжі директорының орынбасары Рашида Сезер, сондай-ақ Париждегі «Gullaume Tirel» француз колледжінің профессоры Ronan LeciEux қатысты. Бұл шараның халықаралық деңгейдегі маңызын айқындай түсті.
Павлодарлық студенттің бұл жетістігі – өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын, сондай-ақ жас мамандардың кәсіби әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Осындай жарқын жетістіктер жас буынға жігер беріп, болашақта жаңа белестерді бағындыруға жол ашады. Павлодарлық шеберлер мен студенттердің алар асуы әлі алда екені сөзсіз.
Загрузка...

