«Болашақты бірге отырғызамыз»: Павлодар облысындағы экологиялық бастама
Республикалық Таза Қазақстан бағдарламасы аясында Аққулы ауданының мектептерінде «Болашақты бірге отырғызамыз» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.
Аталған бастаманың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру және педагогтер, оқушылар мен ата-аналарды ортақ іске жұмылдыру. Акция көпшіліктің белсенді қатысуының арқасында өз нәтижесін беріп, табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың біріне айналды.
Іс-шараға 300-ден астам педагог, 900-ге жуық оқушы және 400-ден астам ата-ана қатысты. Қатысушылар мектеп аумақтарын абаттандырып, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізді. Әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа деген қамқорлық пен табиғатқа деген жанашырлықтың белгісі.
Акция барысында ерекше ұйымшылдық пен белсенділік байқалды. Мұғалімдер тек ұйымдастырушы ғана емес, сонымен қатар оқушылармен бірге еңбек етіп, үлгі көрсетті. Бұл өз кезегінде балалар үшін маңызды тәрбиелік мәні бар тәжірибеге айналды.
Ата-аналар да бастаманы қолдап, мұндай шаралардың жас ұрпаққа дұрыс құндылықтарды қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.
Осындай игі шаралар Таза Қазақстан бағдарламасының негізгі мақсаттарына сай жүзеге асырылып, қоғамда экологиялық сана мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.
«Болашақты бірге отырғызамыз» акциясы – табиғатты аялауға бағытталған нақты іс пен жарқын үлгінің көрінісі.
Загрузка...

