Талдықорған мектептерінде EcoQolday цифрлық жүйесі енгізілуде
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республика аумағында жүзеге асырылып жатқан жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында салтанатты іс-шара өтті. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және кәдеге жарату дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ экологиялық білім мен мәдениетті арттыру болды.
Іс-шара барысында EcoQolday цифрлық жүйесін пайдалану арқылы оқушыларға қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдері түсіндірілді. Жоба шеңберінде қаладағы Оқушылар сарайында және мектептерде оқушылармен, сынып жетекшілерімен, сондай-ақ білім беру басқармасы қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Экологиялық ағартушылық бағыттағы бұл кездесулерді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Экология кафедрасының білікті мамандары – профессор А.Т. Қуатбаев және қауымдастырылған профессор Н.А. Нурбаева өткізді.
Оқушылар сарайында өткен негізгі кездесуге қаладағы 27 мектептен келген тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, биология және география пәндерінің мұғалімдері, сондай-ақ мектеп парламенттерінің өкілдері қатысты. Жалпы қатысушылар саны 350-ден асты.
Жоба аясында білім беру қамтылуы кең көлемде жүзеге асырылды: 3818 оқушы оқытудан өтіп, бұл кемінде 10 % нысаналы көрсеткішке сәйкес келді. Сонымен қатар, 490 педагогқа (16,96 %) арналған оқыту семинарлары өткізілді. Олардың қатарында биология және география пәні мұғалімдері, сынып жетекшілері, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, технологтар мен мектеп директорлары болды. Бұл жұмыстар мектеп оқушылары арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау дағдыларын қалыптастыруға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Бағдарлама аясында сынып сағаттарына арнайы экологиялық модульдер енгізілді. Атап айтқанда, оқушылар қатты тұрмыстық қалдықтарды құрғақ және ылғалды фракцияларға бөліп жинауды, құрғақ қалдықтарды (қағаз/картон, пластик, шыны/металл) сұрыптауды, қаптама түрлерін ажыратуды үйренді. Сонымен қатар, «3R» қағидаты (Reduce, Reuse, Recycle) арқылы заттарға екінші өмір беру жолдары түсіндірілді.
Практикалық дағдыларды дамыту мақсатында EcoQolday цифрлық платформасымен жұмыс істеу үйретіліп, қалдықтарды бөлек жинау бойынша машықтар бекітілді және барлық қатысушылар платформада тіркеуден өтті.
Сонымен қатар, жоба шеңберінде әрбір мектепке қалдықтарды бөлек жинауға арналған 6 кешеннен тұратын жалпы саны 162 экоурна орнатылды. Бұл оқушылардың күнделікті өмірде экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруына мүмкіндік берді.
«Таза Қазақстан» бастамасы – мектеп оқушыларының қоршаған ортаға ұқыпты қарауын қалыптастыруға, тұрақты тұтыну мәдениетін дамытуға және ұлттық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған маңызды жоба болды. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Жобаның орындаушысы – Қазақстан экологиялық қоры болды, ал іс-шаралар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Загрузка...

