«Жас дәурен» – өнер арқылы тұлға қалыптастыратын орта
Павлодардағы М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы – талай дарынды жастың қанатын қатайтқан киелі білім ордасы. Осы шаңырақта 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жас дәурен» вокал студиясы бүгінде өңірдің ғана емес, республика деңгейінде танылған шығармашылық ұжымдардың біріне айналды.
Студияның негізін қалаушы әрі жетекшісі Баршагүл Қайырбайқызы Ногаева бұл ұжымның басты миссиясын ерекше ықыласпен жеткізеді. Оның айтуынша, басты мақсат – балаларды тек ән айтуға үйрету емес, олардың бойындағы табиғи қабілетті ашып, өнер арқылы жан-жақты тұлға қалыптастыру.
– Әр баланың бойында бір ұшқын болады. Сол ұшқынды байқап, оны өшірмей, керісінше дамыту – біздің негізгі міндетіміз, – дейді тәжірибелі педагог.
Баршагүл Қайырбайқызы қосымша білім беру саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол жүздеген шәкіртті өнер жолына баулып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға зор үлес қосқан.
Бүгінде «Жас дәурен» студиясында 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар білім алады. Мұнда әр балаға жеке көзқарас қалыптасқанымен, ұжымдық рух пен бірлік басты орында тұр. Әсіресе ансамбльдік орындау – студия жұмысының өзегі. Бұл бағыт балалардың есту қабілетін дамытып қана қоймай, оларды бір-бірін тыңдауға, жауапкершілікке, сахна мәдениетіне тәрбиелейді.
Студия жұмысы «Қазақ әндері арқылы балалардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру» бағдарламасы негізінде жүргізіледі. Репертуарында эстрадалық бағыттағы шығармалармен қатар, ұлттық классика да кеңінен қамтылған. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлы мен Шәмші Қалдаяқов сынды ұлы тұлғалардың әндері жас орындаушылардың рухани дамуына ерекше ықпал етеді.
Студияда тек вокалдық шеберлікке ғана емес, сонымен қатар сахна мәдениетіне, микрофонмен жұмыс істеуге, актерлік қабілеттерді дамытуға да баса назар аударылады. Сабақ барысында ойын элементтері мен шығармашылық тапсырмалар кеңінен қолданылады. Бұл балалардың қызығушылығын арттырып, олардың еркін дамуына мүмкіндік береді.
Жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлер де ұжымның басты ерекшеліктерінің бірі. Мұнда шығармашылық атмосфера, өзара сыйластық пен қолдау, сондай-ақ тәртіп пен талап қатар жүреді. Бұл – үлкен сахнаға шығатын әрбір жас өнерпаз үшін маңызды мектеп.
Ұжым жетістіктері де аз емес. 2026 жылдың сәуір айында «Жас дәурен» Astana Stars ұйымдастырған «Щелкунчик» халықаралық көпжанрлы конкурс-фестивалінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Байқауда студияның «Keremet voices» тобы Абай шығармаларына арналған попурри үшін Гран-при иеленсе, Берекелі Бексұлтан «Самал ту» әнімен бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар Айсана Уйсумбаева, «Ай Жұлдыздар» квинтеті, Темірғали Иасин және «D&D» дуэті (Дильназ Апушева мен Даяна Ермуратова) I орындарға ие болды.
Бұл жетістіктер – ұжымның жүйелі еңбегі мен шәкірттердің талантының жарқын көрінісі.
– Біз үшін ең бастысы – жүлде емес. Ең маңыздысы – баланың тұлға ретінде қалыптасуы, өнерді түсініп, өмірде өз орнын табуы, – дейді Баршагүл Қайырбайқызы.
Расында да, «Жас дәурен» – жай ғана вокал студиясы емес. Бұл – әр баланың үні естілетін, арманы қанат қаққан, өнер арқылы тұлға қалыптасатын үлкен өмір мектебі.
Загрузка...

