Павлодар облысында жарқыраған жас дарындар – «Кіші Сәтбаев» олимпиадасы
2026 жылғы 15 сәуірде Қ.Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия базасында 4–6 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Кіші Сәтбаев» олимпиадасының облыстық кезеңі өтті.
Бұл зияткерлік дода – тек жарыс емес, білімге құштар жүректердің тоғысқан мекені. Олимпиаданың басты мақсаты – жас өрендердің жаратылыстану мен математикаға деген қызығушылығын арттыру, ғылыми ойлау қабілетін шыңдау және дарынды оқушыларды анықтау. Сонымен қатар, қатысушылардың логикалық ойлауын жетілдіріп, зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Биылғы дода ауқымымен де ерекшеленді. Іріктеу кезеңіне Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Май, Баянауыл, Ақтоғай аудандарынан 780 оқушы қатысып, өз білімдерін сынады. Нәтижесінде үздік деп танылған 140 оқушы облыстық кезеңге жолдама алып, нағыз білім бәйгесінде бақ сынады.
Зияткерлік сайыс барысында жас зерттеушілер жаратылыстану және математика бағыттары бойынша білімдерін көрсетіп қана қоймай, күрделі логикалық тапсырмаларды шешу арқылы өздерінің терең ойлай алатын, ізденімпаз екенін дәлелдеді.
Олимпиада қорытындысы бойынша 60 оқушы жүлделі орынға ие болды:
І орын – 9 оқушы,
ІІ орын – 16 оқушы,
ІІІ орын – 25 оқушы,
құрмет грамотасы – 10 оқушы.
Бұл жетістіктер – табандылық пен білімге деген шынайы қызығушылықтың жемісі.
Жас дарындардың ғылымға деген алғашқы қадамдары нық болсын!
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз!
Алда – жаңа белестер мен үлкен жеңістер

