Ат үстінде өсіп келе жатқан батыл қыз — Ясмина

Павлодар қаласындағы №38 жалпы орта білім беру мектебінің 4 «Ә» сыныбында оқитын Кожанова Ясмина Бауыржанқызы – жасы кішкентай болса да, талпынысы үлкен, қайсар мінезді оқушылардың бірі.


Сабақта Ясмина – озат оқушы. Барлық пәндерді қызығушылықпен меңгеріп, тапсырмаларды ұқыпты орындайды. Әсіресе, математика мен дене шынықтыру сабақтарын ерекше жақсы көреді. Сыныптастарымен тату, әрдайым көмекке дайын, ашық мінезді қыз.

Бірақ Ясминаның өмірі тек мектеп қабырғасымен шектелмейді.

Ол небәрі 6 жасынан бастап әкесінің үйретуімен атқа мініп келеді. Бүгінде ат үстінде өзін еркін сезінеді, кең далада шауып жүргенді жанындай жақсы көреді. Оның сенімді серіктері – Зымыран мен Огонёк атты жылқылар. Ясмина бос уақытында оларды бағып, күтіміне көмектесіп, еңбекке ерте араласып жүр.

Сонымен қатар, ол дзюдомен айналысады. Түрлі жарыстарға қатысып, өз шеберлігін шыңдап келеді. Қай істе де табандылық танытып, үнемі алға ұмтылады.

Айта кетерлігі, Ясмина қазіргі таңда таза қанды ағылшын тұқымды жылқылармен атшабысқа қатысу үшін арнайы дайындықтан өтуде. Бұл үлкен төзімділік пен тәртіпті талап ететін ерекше бағыт. Алдағы күзде ол алғаш рет бәйгеге қатысып, өзін жаңа деңгейде сынап көрмек.

Отбасында төрт баланың бірі болып өсіп келе жатқан Ясмина үй шаруасына да белсене көмектеседі. Жауапкершілік пен еңбекқорлықты жастайынан бойына сіңіріп келеді.

Ясмина – тек жақсы оқушы ғана емес, ол – ерік-жігері мықты, жан-жақты дамыған, мақсатқа ұмтылған жас тұлға. Оның бүгінгі қадамы – ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы.

Бәлкім, болашақта дәл осы Ясмина ел намысын қорғайтын чемпиондардың бірі болар…

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий