Білім беру ұйымдарында конституциялық құндылықтарды қалыптастыру
Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледжі» ШЖҚ МКК, «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы, Астана қаласы әкімдігі және Астана қаласының Білім басқармасының қолдауымен «Білім беру мекемелерінде конституциялық құндылықтарды қалыптастыру және ілгерілету» тақырыбында қалалық форум ұйымдастырылды, – деп хабарлайды елордалық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық санасын дамыту, білім беру жүйесінде конституциялық құндылықтарды дәріптеу, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарын насихаттау болып табылады. Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясының өкілдері, сондай-ақ білім беру саласының мамандары мен ұстаздар қауымы арнайы шақырылған болатын.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Ғабдылкәрімұлы Есбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Абдуламитұлы Әбенов, Абзал Темірғалиұлы Құспан, Ислам Еркінұлы Сұңқар, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Әбдіәшімұлы Болысбек, сондай-ақ қоғам қайраткері,кәсіпкер Тәңірберген Дәулет Дулатұлы, Астана халықаралық университетінің профессоры, т.ғ.д. Ләзат Нұрбайқызы Нұрсұлтанова және ҚР Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева қатысып, жиналған үш жүзден астам адамға түрлі тақырыпта баяндама жасалды.
Кеңеске жиналғандар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, конституциялық құндылықтарды терең меңгерту және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелеріне ерекше мән берді. Сондай-ақ құқықтық тәрбие мен конституциялық сауаттылықты арттыру бағытындағы бастамалардың маңыздылығын айрықша атап айтты.
– Форум негізінен жаңа Конституцияның негіздерін, олардың мазмұнын жалпы жастардың арасында насихаттау, жеткізу. Бұл жердегі негізгі мақсат құқықтық тәрбие. Қазір қоғамда барлығымыз көріп отырмыз, құқықтық мәдениеттің кей салаларда жетіспей жатқандығын. Жалпы халықтық референдумда қабылданған Ата заңымыз осы тек ғана адамдардың құқықтарын ғана емес жауапкершіліктерінің де негізін қалыптастырған, – деді журналистермен қысқаша сұхбат барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Есбай.
Басқосу барысында қатысушылар білім беру жүйесінде құқықтық мәдениетті нығайту, жастардың конституциялық құндылықтарды терең меңгеруі және азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелерін талқыға салды. сонымен қатар, құқықтық тәрбие мен конституциялық сауаттылықты арттыру бағытындағы бастамалардың маңыздылығына екпін түсірді. Бұл бағалы бастама – білім беру жүйесінде құқықтық мәдениетті нығайтуға және конституциялық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Загрузка...
