Заманауи педагогика: тәжірибе мен жаңашылдық тоғысқан алаң

2026 жылғы 16 сәуірде Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжі базасында Павлодар облысының Білім беруді дамытудың инновациялық орталығымен бірлесіп «Заманауи педагогикалық тәжірибелер: идеядан нәтижеге дейін» тақырыбында облыстық мастермайнд-сессия өтті. Іс-шара «Бастауыш оқытудың әдістемесі мен оқыту» бағыты бойынша ұйымдастырылып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналды.

Ауқымды басқосу педагогтерді, студенттерді, әдіскерлерді, әлеуметтік серіктестерді, Павлодар қаласы мен облыс мектептерінің өкілдерін, сондай-ақ Түрікменстаннан келген әріптестерді бір алаңға тоғыстырды. Қатысушылар қатарында Ж. Тәшенев атындағы мектеп, №39, №48, №15, №25 жалпы орта білім беру мектептері, Б. Момышұлы, М. Әуезов, С. Торайғыров атындағы білім беру ұйымдарының өкілдері және өзге де мекемелер болды.

Мастермайнд-сессия барысында пленарлық және секциялық отырыстар ұйымдастырылып, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаудың өзекті бағыттары кеңінен талқыланды. Қатысушылар педагогикалық бастамаларды жүзеге асыру жолдарын, Scaffold-карталарды тиімді қолдану тәсілдерін, командалық оқытудың артықшылықтарын, жобалық қызметті ұйымдастыру тәжірибесін ортаға салды. Сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне енгізу, VR-технологияларды пайдалану және билингвалды оқыту тәжірибелері де назардан тыс қалған жоқ.

Іс-шара педагогикалық қауымдастық үшін тәжірибе алмасудың, жаңа идеяларды талқылаудың және тиімді шешімдерді бірлесіп іздеудің маңызды алаңына айналды. Бұл сессия кәсіби серіктестіктің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап, білім беру сапасын арттыру жолындағы нақты қадамдардың жүзеге асуына серпін берді.

Осылайша, заманауи білім беру талаптарына сай ұйымдастырылған мұндай кездесулер педагогтердің кәсіби дамуына ықпал етіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа сапалы білім берудің берік негізін қалыптастырады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий