АЛМАТЫДА «ҰЛЫ ДАЛА: ТҰРАН ӨРКЕНИЕТІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Тұран» университетінің базасында «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығының ашылу салтанаты өтті.

Орталықтың мақсаты – Ұлы даланы тұтас өркениет кеңістігі деп қарастырып, пәнаралық тұрғыда зерделеуге арналған халықаралық зерттеу хабын қалыптастыру, сондай-ақ оны Орталық Еуразияның тарихи-мәдени дамуы аясында жаңа қырынан пайымдауға мүмкіндік беретін «жұмсақ ғылыми инфрақұрылым» желісі ретінде дамыту.

Салтанатты жиын барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Құттықтау хатта оқиғаның тарихи маңызына айрықша мән берілген.

Сондай-ақ, жаңа ғылыми орталықтың Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында құрылуы ғылыми қауымдастық үшін ғана айтулы оқиға емес, жалпы ұлттық руханият пен тарихи сананы жаңғырту жолындағы маңызды стратегиялық қадам екені атап өтілген.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде жаңа Конституция преамбуласында көрініс тапқан қағидаттар мемлекетіміздің терең тарихи және өркениеттік негіздерін айқын аңғартатынын атап өтті.

Сондай-ақ ол Конфуций институты, Гёте институты және Юнус Эмре институты секілді халықаралық құрылымдардың табысты тәжірибесіне сүйене отырып, жаңа орталықтың үш деңгейлі модель бойынша жұмыс істейтінін жеткізді. Атап айтқанда, бұл жүйе ҰҒА үйлестіретін орталық ғылыми хабты, еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарын біріктіретін ұлттық желіні, сондай-ақ шетелдік ғылыми-білім беру алаңдарында ашылатын «Тұран орталықтары» мен «Тұран кафедраларын» қамтиды.

Бұдан бөлек, Ақылбек Күрішбаев «Turan Civilization Digital Atlas» платформасы, цифрлық архивтер және жаңа білім беру бағдарламалары арқылы гуманитарлық зерттеулерге GIS технологияларын, жасанды интеллекті мен интерактивті картографияны енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл ғылыми нәтижелердің қолжетімділігін кеңейтіп, олардың практикалық маңызын арттыра түспек. Оның айтуынша, аталған бастама Қазақстанның халықаралық гуманитарлық беделін нығайтып, Ұлы дала өркениетін жаһандық ғылыми кеңістікте танымал брендке айналдыруға жол ашады.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек орталықтың ашылуы Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасын қайта пайымдауға және гуманитарлық зерттеулерге заманауи технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған маңызды қадам екенін айтты. Сонымен қатар ол бұл бастама ғылым, білім беру және сараптамалық қызмет арасындағы өзара байланысты нығайтып, отандық ғылымның дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Іс-шараға Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан және Түркиядан келген консулдар мен дипломатиялық өкілдер, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің басшылары, академиктер мен жетекші сарапшылар қатысты.

Жиын барысында пәнаралық ықпалдастықты дамыту мәселелері мен «Тұран өркениеті» ғылыми парадигмасының әдіснамалық негіздері қарастырылды. Сондай-ақ, Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасы, өркениеттік сабақтастық, тарихи мұраны цифрландыру, гуманитарлық зерттеулерге заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ ғылым, білім және сараптамалық қызметті ықпалдастыру мәселелері талқыланды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий