AI-mektep платформасындағы сынақтар

Мектеп бітіруші түлектер үшін ең үлкен сынақ – ұлттық бірыңғай тестілеу екендігі баршамызға белгілі. Бұл білім бәсекесінде дайындық кезеңі қазіргі таңда цифрлық форматқа көшіп отыр. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің осы саладағы кәсіби мамандары AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы аясында AI-mektep платформасын әзірлеп шықты. Меңдіқара ауданындағы осы жоғары оқу орнына қарасты Буденнов мектебінің оқушылары осы жаңашылдыққа тұңғыш сынақ амалдарын жүргізді.

AI-mektep – бұл заманауи оқу ортасы мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін біріктірген жүйе. Платформа сапалы білімді баршаға қолжетімді ету және оқу үдерісіне озық технологияларды енгізу мақсатында жасалған. Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларға ҰБТ-ға жеке қарқынымен дайындалуға жағдай жасау. Бұл бағытта әр бала жасанды интеллект тәлімгердің көмегіне жүгініп, қажетті қолдау мен көмек алады. Цифрлық технологиялар және ЖИ орталығының басшысы Қалыбек Мәуленовтың мәлімдеуінше, әдеттегі нейрожелілер кейде «галлюцинацияға» бой алдырып, фактілерді ойдан шығаруы мүмкін. Сол себепті оқушылар нақты әрі дұрыс ақпарат алуы үшін жоба әзірлеушілері жүйеге RAG-моделі енгізлген екен. Және тест сұрақтарын дайындауға ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша жүйелі жұмыс істейтін жауапты репетиторлар тартылғанын білдік.

Қарапайым тілмен айтсақ, жасанды интеллект жауаптарды бүкіл интернеттен емес, тек осы жергілікті жоғары оқу орнының мамандары жарты жыл бойы жинақтаған арнайы тексерілген оқулықтар мен сенімді дереккөздерден ғана іздейді. Бастапқыда университет бұрыннан бар дайын платформаны АҚШ-тан сатып алмақ болған. Бірақ америкалықтар қолданыстағы жүйені қомақты қаржыға беруден тартыпты. Десе де, отандық ғалымдар салын суға кетірмей, өнімді нөлден бастап өздері жасап шыққан. Жоба бүгінде шетелдік баламалардан еш кем түспейді. – Әзірге платформада ең қажетті бес пән бар. Қазақстан тарихы мен оқу және математикалық сауаттылық, математикаға қоса физика пәндерінен сұрақтар жинақталды. Алдағы уақытта биология, химия және басқа да пәндерді қосып, талапкерлердің барлық сұранысын толық өтеуді жоспарлап отырмыз, – дейді Қалыбек Сапарұлы.

Буденнов мектебінің оқушылары үшін қазіргі уақытта жаңа сайт сынақ әдісімен жұмыс істеп тұр. Басқа білім беру ұйымдарының бұл жүйені байқап көруіне мүмкіндіктері бар. Ол үшін ағарту орнының басшылығы университетке тиісті ұсыныс жіберсе жеткілікті. Тоғызыншы және он бірінші сыныпты бітіретін биылғы түлектер егер болашақ мамандығын әлі де таңдай алмай, «технарь» немесе «гуманитар» бағыттарының біріне басымдық бере алмай ойланып жүрсе, «ЖИ-Профориентатор Телеграм-ботына кіріп көруіне болады.

Бұл бот тегін әрі баршаға қолжетімді. Сонымен бірге саған қай кәсіптің жақын екенін анықтауға көмектеседі. Оқушылар жасанды интеллект репетитормен танысып жатқанда, Baitursynuly University ректорының кеңесшісі Римма Бектұрғанова мектеп мұғалімдеріне арналған шеберлік сағатын ұйымдастырды. Ол ғылыми мақалаларды әлем оқитындай деңгейде қалай сапалы жазу керектігін үйретті. Осылайша, мектептің ұстаздары да, шәкірттері де бірдей білімін шыңдады.

– Мемлекеттің қамқорлығы негізінде жасалған жайлы жағдайлар мен мол мүмкіндіктерді текке жіберіп алмай, баянды болашақтарың мен еліміздің ертеңі үшін тиімді пайдалануларыңызға мүдделіміз! Біздің мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарынан мамандық таңдайтын кешегі күндері озық үлгімен жасалған заманауи құралдар болған жоқ. Енді, міне, баршаңыздың бақыттарыңызға орай ақпараттық технологиялар жылдам әрі қарқынды дамыған дүбірлі дәуірде жас түлектерге жол көрсететін жасанды интеллект тәлімгерлердің алғашқы легі іске қосылуда. ҚӨУ кемел келешекке барар жолда кез келген есікті еш қиындықсыз ашуларыңыз үшін осы бір цифрлық кілтті ұсынып отыр. Тек алға!, – деді республикаға танымал беделді оқу орнының ресми өкілдері жиналғандармен жүздесуінде.

Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий