«Кітап оқыған ұрпақ – кемел болашақ: Тереңкөлдегі рухани мереке»
Павлодар облысы, Тереңкөл ауданының білім беру ұйымдарында Ұлттық кітап күні аясында оқуды насихаттауға, әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға және оқушылардың рухани-танымдық дамуына бағытталған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік күннің негізгі мақсаты – оқырман мәдениетін қалыптастыру, кітапқа деген сүйіспеншілікті нығайту, сондай-ақ оқушылардың дүниетанымын кеңейту мен оқырмандық сауаттылығын дамыту болды.
Іс-шаралар шеңберінде мектептерде «Сүйікті кітаптар», «Классика және заманауи әдебиет» тақырыптарында кітап көрмелері мен әдеби шолулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мәнерлеп оқу байқаулары, «Классиктер мен замандастар» атты пікірталастар, әдеби сағаттар мен викториналар, белгілі авторлардың шығармалары негізінде сурет байқаулары өткізілді.
Оқушылар арасында «Кітап сыйла» акциясы мен «Ұлттық кітап күні» челленджі де кең қолдау тапты. Бұл бастамалар балаларды кітап оқуға ғана емес, оны қадірлеуге, бөлісуге және рухани құндылық ретінде бағалауға баулыды.
Аудан мектептерінің 1000-нан астам оқушысы аталған іс-шараларға белсене қатысып, өздерінің сүйікті шығармаларымен бөлісіп, жаңа әдеби туындылармен танысты. Бұл – жастардың кітапқа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Ұлттық кітап күні – әрбір адам өміріндегі кітаптың маңызын еске салатын ерекше мереке. Кітап – білім мен даналықтың, шабыт пен рухани кемелденудің сарқылмас қайнар көзі.
Осындай мазмұнды іс-шаралар кешені оқушыларды мәдени-танымдық ортаға кеңінен тартып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге және ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Загрузка...
