«Арманнан туған өнер: “Арман-шоу” театр-студиясының шырайлы шежіресі»

Өнер – жүректен басталатын, арманмен қанаттанатын ерекше әлем. Осындай шынайы шығармашылықтың ордасына айналған Павлодар облыстық Оқушылар сарайының «Арман-шоу» театр-студиясы – талай таланттың жолын ашқан, талай баланың жүрегіне сенім ұялатқан киелі ұжым.

Театр-студияның тарихы 1999 жылдан бастау алады. Оның негізін қалаған Бекбулатова Алмагуль Слямқызы – тек ұстаз ғана емес, үлкен жүректі тұлға, өнерге ғашық жан. Ол өзгеге ұқсамайтын, бір-біріне бауыр басқан, бір отбасыдай ұйымшыл ұжым құруды армандады. Сол арман ақиқатқа айналып, студия «Арман-шоу» деген атауға ие болды. Бұл атаудың өзінде-ақ үлкен мақсат пен терең мағына жатыр.

Бүгінде студия құрамында 5 пен 18 жас аралығындағы 70 бала өнердің қыр-сырын меңгеріп жүр. Мұнда әр бала тек сахналық шеберлікті ғана емес, өмірлік маңызды қасиеттерді де үйренеді. Театр мен вокал сабақтары арқылы тұлға қалыптасып, балалар өз ойларын еркін жеткізуге, қиындықтарды бірге еңсеруге, бір-біріне қолдау көрсетуге дағдыланады. Педагог пен шәкірт арасындағы сенім, ұжымдағы мейірім мен өзара құрмет – «Арман-шоудың» басты құндылықтары.

Биыл ұжым өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Ширек ғасыр ішінде студия үлкен шығармашылық белестерді бағындырып, қаншама дарынды түлектерді қанаттандырды. Олардың қатарында өнер мен білім жолында биік белестерге жеткен азаматтар аз емес.

Мәселен, Амантаева Раушан мен Мұхитова Әсемгүл студияның әнұранын жазып, кейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің музыка бөлімін тәмамдады. Раушан Амантаева студияда вокалдан дәріс беріп, кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болып еңбек етті, бүгінде еліміздің Білім және ғылым министрлігінде қызмет атқарады.

Студия түлектері арасында бұқаралық ақпарат құралдарында да табысты еңбек етіп жүрген жандар бар. Мұхитова Әсем мен Серімбаева Дария – телеканал дикторлары, ал Сержанов Тимур – «NS» радиосының бас дикторының орынбасары. Татыбаева Гаухар облыстық радиода қызмет етеді.

Өнер жолын таңдаған түлектер де жетерлік: Серімбаева Диляра – Алматы консерваториясының түлегі, Нұрғазин Арман мен Жанкаринова Ғалия – Қазақ ұлттық өнер университетін бітірген. Сондай-ақ Павлодардағы Чайковский атындағы музыкалық колледждің түлектері қатарында да «Арман-шоудың» көптеген шәкірттері бар.

Ұжымның шығармашылық жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Студия тәрбиеленушілері халықаралық байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Болгария, Түркия, Чехия, Испания сахналарында өнер көрсетіп, ел мерейін асқақтатты.

«Арман-шоудың» ерекшелігі – тек өнерде ғана емес, тәрбиеде де көрінеді. Мұнда балалардың белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылады. Әр бала өзін ұжымның маңызды бөлшегі ретінде сезінеді. Сонымен қатар, ата-аналармен бірлескен іс-шаралар, табиғат аясындағы жорықтар, мерекелік дәстүрлер – ұжымның бірлігін нығайта түседі. Мәселен, 8 наурызда ұл балалар қыздарды құттықтаса, 7 мамырда қыздар ер балаларға құрмет көрсетеді. Бұл – сыйластық пен тәрбиенің жарқын үлгісі.

Ширек ғасырлық тарихы бар «Арман-шоу» – тек театр-студия ғана емес, ол – арманға жетелейтін, талантты түлететін, жүректерді біріктіретін үлкен өнер ордасы. Осындай ұжымдар барда ұлттық мәдениетіміздің шамшырағы сөнбесі анық.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий