Қажетті мүмкіндіктерді сапалы ұйымдастыру – маңызды міндет

Біздің аймақта балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шараларды ұтымды үйлестіру облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың басты назарында. Алдағы жазғы маусымды жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында өңірлік ведомствоаралық штаб құрылып, 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Бұл ресми құжаттың негізінде мақұлданған нақты бағыттар балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету, сапалы тамақтандыру, медициналық қызмет көрсету және жан-жақты дамуына жағдай жасауды көздейтіндігімен ерекше маңызға ие.

– Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – тек уақыт өткізу емес, бұл – олардың денсаулығын нығайту, жаңа дағдылар қалыптастыру және қауіпсіз ортада дамуына жағдай жасау. Сондықтан әрбір лагерьдің дайындығы, санитарлық жағдайы мен қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуы тиіс, – деді жазғы лагерьлердің дайындығына арналған арнайы жиында өңір жетекшісінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев. Осы кезекті жиынға төрағалық жасаған ол балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын қамтамасыз ету басты міндет екенін айрықша атап айтты.

– Биыл облыстағы 1–10-сыныптардағы төрт жүз тоқсан алты мыңнан астам оқушының 95,7 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Жазғы сауықтыру шаралары үш негізгі бағытта жүзеге асырылады. Қала сыртындағы жиырма үш лагерьде 35 мыңнан астам бала демалса, мектеп жанындағы лагерьлерде бір жүз қырық мыңға жуық шәкірт қамтылады. Және еңбек, туристік, шығармашылық және спорттық бағыттағы іс-шаралар арқылы 300 мыңнан астам ұл мен қыз жазғы маусымды тиімді өткізуіне барлық жайлы жағдайларды жасаудамыз, – деді осы маңызды мәселеге орай баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов.

– Балалардың жазғы демалысын сапалы әрі қауіпсіз ұйымдастыру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Әрбір бала жазғы демалыс кезінде тек тынығып қана қоймай, жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, шығармашылық және зияткерлік тұрғыдан дамуы тиіс. Осы бағытта біз лагерьлердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, санитарлық талаптардың сақталуына және қауіпсіздік шараларының толық орындалуына ерекше назар аударып отырмыз. Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада демалуы – басқарма қызметінің тұрақты бақылауындағы негізгі мәселелердің бірі.

Шынында балалардың жазғы сауықтыру демалысы – оқушылардың каникул кезеңінде денсаулығын нығайтып, психологиялық тұрғыдан тынығуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және бос уақытын қауіпсіз әрі тиімді өткізуіне бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Бұл – лагерьлер мен орталықтарда жүзеге асырылатын тәрбиелік, спорттық және сауықтыру бағдарламаларының кешені. Бұл бағыттағы жыл сайын жүйелі жұмыстар қолға алынып, жазғы сауықтыру лагерьлерінің қызметін жандандыруға ерекше мән беріледі. Балалардың оқу жылы бойы жинақталған шаршауын басып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – алға қойылған ең басты міндеттердің бірі.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өңіріміздегі жазғы сауықтыру лагерьлері жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету мақсатында облыстағы мемлекеттік лагерьлерде ауқымды сенбілік жұмыстары жүргізілді. «Балауса», «Балдәурен», «Болашақ», «Толағай», «Отырар», «Тау шыңы», «Самал», «Төлеби нұры», «Төлеби барысы», «Алатау» лагерьлерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, аумақтары толық ретке келтірілді. Сонымен қатар лагерь айналасын абаттандыру, көгалдандыру, инфрақұрылымды реттеу жұмыстары қатар атқарылды.

Бұл шаралар тек санитарлық тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы белсенділік – табиғатқа жанашырлық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Жазғы демалыс – әр баланың асыға күтетін ерекше кезеңі. Ал сол демалыстың жарқын әрі қауіпсіз өтуі бүгінгі жүйелі дайындыққа тікелей байланысты. Өңірдегі барлық жазғы сауықтыру лагерьлерінде де абаттандыру және тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп, балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысына қолайлы жағдай жасау бағытында нақты қадамдар жасау жалғасуда.

Биылғы жазғы сауықтыру шаралары жалпы саны жиырма үш лагерьде үш негізгі бағытта ұйымдастырылмақ (10 мемлекеттік және он үші жекеменшік). Мемлекеттік лагерьлердің жалпы сыйымдылығы үш мың жетпіс төрт орынды құрап, жеті ауысымда 20 мың 558 баланы қамтиды. Ал жекеменшік лагерьлер 3750 орынмен жиырма алты мың екі жүз елу оқушыны кабылдауға қауқарлы. Лагерь жетіспейтін аудандардағы он бес мыңға жуық білімгердің жазғы демалысы мемлекеттік сатып алу есебінен жекеменшік лагерьлер базасында ұйымдастырылады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Сонымен қатар үш жүз сексен бала республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына жіберілсе, балалар үйлеріндегі 182 тәрбиеленуші толықтай жазғы демалыспен қамтылады. Облыстағы үш жүз елу мектепте елу мың оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылса, 451 мектепте тоқсан мың шәкірт тамақсыз лагерьлерге қатысады. Бұл алаңдарда балалардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған түрлі тәрбиелік, танымдық және спорттық іс-шаралардың кешенді бағдарламасы қарастырылған. Еңбек, шығармашылық және туристік бағыттар бойынша да ауқымды жұмыстар жоспарланған.

Жоғары сынып оқушылары арасында еңбекке баулу, көгалдандыру, жөндеу жұмыстары мен экскурсияларға 98 мың бала қатысады. Туристік жорықтар мен танымдық сапарларға бір жүз жиырма мың оқушы тартылып, ал спорттық, шығармашылық және зияткерлік іс-шаралармен 80 мың бала қамтылады. Жалпы бұл бағыттар арқылы үш жүз мың ұл мен қыз немесе 60,4 пайыз қамтылатын болады. Сонымен бірге Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек аудандарына екі мың балаға арналған арнайы танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады.

Жазғы маусымда балалармен жұмыс жүргізу үшін 13 мыңнан астам педагог жұмылдырылады. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарда білім алып жатқан колледж студенттерін тәжірибеден өткізу, оларды тәрбиеші және ерікті ретінде тарту мәселелері де қарастырылған. Әлеуметтік осал топтағы және ерекше бақылаудағы бір мың үш жүзден астам бала да жазғы демалыспен толық қамтылады. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың жазғы уақытын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гаджетке тәуелділіктің алдын алу бойынша арнайы кеңестер мен жадынамалар ұсынылады. Инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалмаған.

Төлеби ауданындағы «Төлеби нұры» лагеріне баратын жолды жөндеу, спорт алаңшасын салу және электр желілерін жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Ал Түлкібас ауданындағы «Диа» лагерін коммуналдық меншікке алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы бұрынғы шекарашылар бөлімінің базасын лагерь ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Қазіргі таңда лагерьлерді жазғы маусымға дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қорыта айтқанда, балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру – олардың денсаулығын нығайтуға, тұлғалық дамуына және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік міндет. Сонымен қатар ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балалардың жазғы уақытын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру бойынша арнайы жадынамалар таратылуда. Бұл бағыттағы барлық жұмыстар тұрақты бақылауда болады және жазғы маусым жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Алдағы жазғы маусымда әрбір бала үшін тиісті шаралар күшейтілген ортада жайлы әрі пайдалы демалыстарын ұтымды ұйымдастыру – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Айгүл ҚАСЫМБЕКОВА,
Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий