Каспийден Парижге дейін: Энгергетика саласындағы серіктестік

№25947

Біздің арнаулы оқу орны халықаралық бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен колледж Францияның жетекші білім беру ұйымдарымен, соның ішінде энергетика саласындағы жоғары білікті мамандар даярлайтын Raspail жоғары мектебі және техникалық-кәсіптік білім беретін Marcel Deprez лицейімен әлеуметтік серіктестік орнату жөніндегі халықаралық меморандумға қол қойған болатын.

Бұл меморандум білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және кәсіби құзыреттілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. 2024 жылы колледж үш мамандық бойынша, атап айтсақ «07130200 – Электрмен қамтамасыз ету», «07140100 – Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару» және «06130100 – Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті. Бұл – білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш.

Ал 2024-2025 оқу жылы сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 3 оқытушы және 6 студент Францияның оқу орындарында тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды. Осы жылы колледж өкілдері Францияда тағылымдамадан өтіп, кәсіптік білім беру жүйесінің үздік тәжірибелерімен танысты. Бұл тәжірибе оқу үдерісін жетілдіруге және халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға негіз болды. Бұл бастама білім алушылар мен педагогтердің кәсіби дамуына, заманауи білім беру тәжірибелерін меңгеруіне және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашқан болатын.

Биылғы сәуір айының 05-19 күндері аралығында Erasmus бағдарламасы аясында Франциядан келген студенттердің Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінде тәжірибе алмасу сапары өтті. Erasmus – бұл студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуды мақсат ететін академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері, сонымен бірге білім беру тәжірибесін жетілдіруге және халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталды. Сапардың негізгі мақсаты – энергетика саласындағы кәсіби білім беру тәжірибесін жетілдіру, халықаралық әріптестікті нығайту және мәдени байланыстарды дамыту.

Қазіргі жаһандану жағдайында білім беру жүйесінің дамуы халықаралық ынтымақтастықпен тығыз байланысты. Әсіресе техникалық және кәсіптік білім беру саласында тәжірибе алмасу, озық технологиялармен танысу және кәсіби құзыреттерді жетілдіру аса маңызды. Осы тұрғыда халықаралық білім беру бағдарламалары, оның ішінде Erasmus, білім беру ұйымдары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы айда жүзеге асқан Франция студенттерінің Маңғыстау өңіріне сапары – осындай тиімді халықаралық серіктестіктің нақты көрінісі.

Осы іс-шара Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі мен Франциядағы Raspail энергетикалық мамандардың жоғары мектебі арасындағы өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде ұйымдастырылды. Француз делегациясының сапарының басты мақсаты – энергетика саласындағы білім беру тәжірибесімен алмасу, заманауи технологияларды меңгеру және кәсіби дағдыларды дамыту болды. Сонымен қатар, сапар аясында келесі міндеттер жүзеге асырылды: оқу үдерісінің ұйымдастырылу ерекшеліктерімен танысу; зертханалық және практикалық сабақтарға қатысу; инновациялық технологияларды қолдану тәжірибесін зерделеу; мәдениетаралық коммуникацияны дамыту; халықаралық әріптестік байланыстарды нығайту.

Франция делегациясының құрамында профессор Sofiane Shouli және студенттер Fathi Yassine, Elle Habil Amine, Gionea Alex Iosif, Savigny Dubois Warren болды. Олардың қатысуы тәжірибе алмасу үдерісінің мазмұнын байытып, кәсіби диалогтың сапасын арттырды. Тәжірибе алмасу барысында қонақтарды қарсы алу рәсімі ұлттық нақышта ұйымдастырылып, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетаралық түсінігін қалыптастыруға оң әсер етті.

Сапар барысында француз студенттері колледждің материалдық-техникалық базасымен танысты. Оқу орнында қолданылып жатқан заманауи білім беру технологиялары, соның ішінде цифрлық шешімдер мен автоматтандырылған жүйелер ерекше қызығушылық тудырды. Атап айтқанда, ақылды үй және робот-иттің көрсетілімі білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізудің тиімділігін айқындады. Студенттер практикалық жұмыстарға қатысып, энергетика саласындағы нақты өндірістік міндеттерге жақындатылған тапсырмаларды орындады.

Бұл олардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бірлескен талқылаулар мен шеберлік сабақтары кәсіби тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Осылайша, биылғы сапар – алдыңғы жылдары басталған жүйелі жұмыстың заңды жалғасы болып табылады. Француз студенттерінің Маңғыстауға сапары бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді: біріншіден, білім беру тәжірибесімен алмасу арқылы екі елдің оқу жүйелері арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар анықталды. Бұл болашақта оқу бағдарламаларын жетілдіруге ықпал етеді.

Екіншіден, студенттердің кәсіби құзыреттері дамып, олардың халықаралық ортада жұмыс істеу қабілеті артты. Тәжірибелік сабақтар мен бірлескен жобалар бұл бағытта тиімді нәтиже көрсетті. Үшіншіден, мәдениетаралық байланыстар нығайып, студенттердің дүниетанымы кеңейді. Бұл – жаһандану дәуіріндегі маңызды құндылықтардың бірі. Төртіншіден, оқу орнының халықаралық беделі артып, жаңа серіктестік мүмкіндіктерге жол ашылды.

Франция делегациясының Маңғыстау өңіріне жасаған сапары – халықаралық білім беру кеңістігіндегі табысты ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Бұл тәжірибе білім беру сапасын арттыруға, инновациялық технологияларды енгізуге және болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге зор ықпал етеді. Халықаралық тәжірибе алмасу – тек білім мен дағдыны жетілдіру құралы ғана емес, сонымен қатар мәдениеттерді жақындастыратын, өзара түсіністікті нығайтатын маңызды фактор.

Осы тұрғыда Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің қызметі заманауи білім беру талаптарына толық жауап береді деп айтуға болады. Алдағы уақытта осындай халықаралық жобаларды кеңейту – білім беру жүйесінің тұрақты дамуының кепілі болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер: Erasmus+ Programme Guide. – European Commission; Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Астана, 2019; Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға арналған әдістемелік ұсынымдар, Алматы, 2021.

Алтыншаш Нуридиновна ЖАМУРОВА,
Жансая Жайбергеновна БУЛЕКБАЕВА,
Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау
энергетикалық колледжі 
басшысының
оқу жұмысы жөніндегі орынбасарлары,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий