Шындықты іздеген жас тергеушілер: Павлодарда бұрын-соңды болмаған білім беру ерекше сабақ өтті
Павлодар қаласының мектептерінде алғаш рет ұйымдастырылған «Ақиқатты тап» атты ауқымды детективтік кейс жасөспірімдер үшін жай ғана ойын шеңберінен асып, заң мен жауапкершіліктің мәнін терең сезінуге жол ашқан мазмұнды әрі тағылымды тәжірибеге айналды.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырған «Заң мен тәртіп» идеологиясының нақты көрінісіне айналды.
Қала мектептерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жаңа, заманауи тәсілдерді енгізу қажеттілігі осындай тың форматтың дүниеге келуіне себеп болды.
Ауқымды шараны Павлодар қаласының білім беру бөлімі ұйымдастырып, оған қала прокуратурасы қолдау көрсетті. Нәтижесінде 9–11 сыныптың шамамен 3000 оқушысы бір мезетте заң саласын зерттеп, өздерін тергеуші, аналитик, цифрлық сарапшы және тіпті психолог ретінде сынап көрді.
– Іс-шараның басты ерекшелігі — оның толықтай детективтік ойын форматына құрылуы. Қатысушыларға ұсынылған кейстер бүгінгі жасөспірімдер өмірінде жиі кездесетін өзекті мәселелерге негізделді: буллинг, киберқауіпсіздік, әлеуметтік желілердегі ақпараттың таралуы. Әр команда тек фактілерді талдап қана қоймай, оқиғадағы жасырын байланыстарды ашып, шындыққа жетудің жолын іздеді,- дейді ұйымдастырушылар.
Ең үлкен қызығушылық тудырған кейстердің бірі — «Мектеп көлеңкесі» болды. Бұл тапсырмада оқушылар анонимді Telegram-арна арқылы таралған қауіпті ақпараттың ізін зерттеп, тек кінәлі адамды анықтаумен шектелмей, оқиғаның түпкі себептерін, психологиялық астарын және қатысушылардың мінез-құлқын талдады.
Осындай қызықты ойын барысында жасөспірімдер ақпараттың әрбір бөлшегі маңызды екенін, ал кез келген әрекеттің нақты салдары болатынын түсінді.
Бағалау кезеңінде Павлодар қаласының прокуратурасы қызметкерлері, ювеналдық полиция, облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы өкілдері мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысып, оқушылар ұсынған шешімдерге кәсіби тұрғыда баға берді.
Бұл өз кезегінде шараның шынайылығын арттырып, қатысушыларға үлкен жауапкершілік жүктеді.
«Ақиқатты тап» жобасы құқықтық білім беруді жаңа деңгейге көтерді деуге толық негіз бар. Себебі бұл жерде оқушылар заңды жай тыңдап қана қоймай, оны өздері «сезінді», шешім қабылдады, қателесті, түзетті — яғни өмірлік тәжірибеге жақын жағдайдан өтті.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, үздік командалар марапатталды. Алайда ең басты нәтиже — марапат емес. Ең маңыздысы — жасөспірімдердің санасында «заң» ұғымының жай ереже емес, өмірлік қажеттілік екенінің қалыптасуы.
Павлодарда өткен бұл бастама көрсеткендей, бүгінгі жастарды тәрбиелеуде дәстүрлі тәсілдермен қатар осындай интерактивті, шынайы форматтар аса тиімді. Себебі шындықты өз қолымен «тапқан» бала оны ешқашан ұмытпайды.
Загрузка...

