Смартфон емес, сәйгүлік: жасөспірімнің ерекше таңдауы
Бүгінгі жасөспірімдердің арманы – соңғы үлгідегі смартфон. Жаңа айфон шықса, жарыса сұрайтын заман. Бірақ Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қаражар ауылының 9 сынып оқушысы Орымбай Жантөре бұл «трендті» бір-ақ жоққа шығарды.
Жантөренің жылқыға деген ықыласы бала кезінен қалыптасқан. Атасының өнегесімен бойына сіңген бұл сүйіспеншілік уақыт өте келе саналы таңдауға айналды. Ол үшін жылқы – көлік те, мал да емес. Ол – жан серігі. Ат жалын тартып мінгелі бері тұлпардың бабын табу, мінезін тану, шабысын жетілдіру – оның күнделікті еңбегіне айналған.
Жантөре бос уақытын да бекер өткізбейді. Анасына қолғабыс болып, қазы-қарта, ысталған шұжық дайындауға көмектеседі. Бұл іске тек қатысып қана қоймай, оны сатуға да атсалысады. Оның бойынан еңбекқорлық пен жауапкершілік айқын көрінеді.
Жасөспірімнің тағы бір қыры – ұлттық спортқа деген қызығушылығы. Ағасы Алмаспен бірге көкпарға қатысып, тәжірибе жинақтап жүр. Көкпар – тек күш пен ептіліктің емес, мінез бен жігердің сыналар алаңы. Бұл жолда оған бағыт-бағдар беріп жүрген ұстазы – Ермек Серікұлы. Облыс намысын қорғап жүрген тәжірибелі спортшының тәлімі Жантөре үшін үлкен мектеп.
Жантөренің арманы – осы жылдың күз айында өтетін республикалық деңгейде көкпар ойнап, ел намысын қорғау. Оның айфоннан бас тартып, асыл тұқымды ат таңдауы – ұлттық құндылыққа деген құрметтің, ата дәстүрге деген адалдықтың көрінісі.
Бір қарағанда, бұл тек бір баланың таңдауы сияқты. Ал шын мәнінде, бұл – тұтас бір ұрпаққа ой салатын мысал.
Жантөренің анасының айтуынша, баласы көкпар ойынына бала кезінен-ақ ерекше әуес болып өсті. Ат үстінде шеберлік танытып, серкені іліп әкету, қарсыластарымен тайсалмай тартысу секілді көкпарға тән қасиеттерді меңгеруге бар күшін салып келеді. Қазіргі таңда ол аудандық көкпар командасының сапында өнер көрсетіп, өз шеберлігін шыңдауда. Анасының сөзінше, Жантөренің ең үлкен арманы – болашақта облыстық және республикалық құрама командалардың қатарынан көрініп, ел намысын қорғайтын мықты көкпаршы атану.
Загрузка...