Топырақсыз өсімдік өсіретін мектеп

Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Абай атындағы мектепте білім беру мазмұнын жаңғырту бағытындағы нақты өзгерістер жүзеге асуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен қолға алынған «Тірек мектептерін жабдықтау» жобасы аясында білім ордасының материалдық-техникалық базасы жаңарып, оқыту үдерісіне заманауи серпін берілді.

Жаңартылған биология кабинеті – осы игі бастаманың айқын көрінісі. Зертханалық және дидактикалық құралдармен толыққан кабинет енді тек теориялық білім берумен шектелмей, тәжірибеге негізделген оқыту алаңына айналды. Мұнда орнатылған гидропоника жүйесі оқушылар үшін ерекше қызығушылық тудырып отыр.

Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз, арнайы қоректік ерітінді арқылы өсіру әдісі. Алғашқы тәжірибелер барысында оқушылар салат жапырақтары мен шалғам өсіріп, бұл технологияның тиімділігін өз көздерімен көрді. Өсімдіктердің жылдам әрі сапалы өсуі балаларды ғылыми ізденіске жетелеп, олардың пәнге деген қызығушылығын арттырды. Ең бастысы – оқушылар жарық, су және қоректік заттардың маңызын тәжірибе арқылы терең түсіне бастады.

Қазіргі уақытта мектепте гидропоника жүйесінде шырайгүл көшеттері өсірілуде. Әсемдігімен ерекшеленетін бұл гүлдер алдағы уақытта мектеп ауласын көріктендіруге бағытталмақ. Мұндай тәжірибелер оқушылардың еңбекке деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Абай мектебіндегі бұл жоба – білім мен инновацияның үйлесімді үлгісі. Заманауи технологияны меңгерген оқушылар үшін бұл тек тәжірибе емес, болашаққа бастар нақты қадам.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий