«Бояулардағы бірлік: Аққулы жастары туған жерді суреттеді»
Павлодар облысы,Аққулы ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай “Туған жерім – тұғырым” атты аудандық сурет байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Бұл шығармашылық шараның басты мақсаты – жас суретшілердің бойындағы талантты шыңдап, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін өнер арқылы көрсету, сондай-ақ ел бірлігін дәріптеу болды.
Байқауға ауданымыздың әр мектебінен және өнер үйірмелерінен келген 50 жас суретші қатысып, өз туындыларын ұсынды. Қатысушылардың жұмыстары туған өлкенің әсем табиғаты, тарихи орындары, ұлттық құндылықтар мен көпұлтты халықтың достығын бейнелеуімен ерекшеленді. Әрбір суреттен авторлардың туған жерге деген ыстық ықыласы мен мерекелік көңіл-күйі анық байқалды.
Байқау барысында қазылар алқасы әр жұмыстың мазмұнына, көркемдік деңгейіне және шығармашылық ерекшелігіне ерекше назар аударды. Қатысушылар өздерінің қиялы мен шеберлігін ұштастыра отырып, бір-бірінен өтетін әсерлі туындылар ұсынды.
Қорытындысында үздік деп танылған жас суретшілер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, олардың өнерге деген қызығушылығы мен талпынысы жоғары бағаланды.
Аталған байқау 1 мамыр мерекесінің мән-маңызын айшықтап, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен бірлік құндылықтарын нығайтатын маңызды мәдени шаралардың бірі ретінде есте қалды.
Загрузка...

