Аида Балаева: «Балалар – басты құндылығымыз»

Үкіметте өткен аптаның соңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы ұйымдастырылды. Комиссия – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу саласында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган.

Отырыста бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері қазіргі ахуал бойынша баяндама жасады. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 8 пайызға төмендеген. Сонымен қатар жиын барысында Ведомствоаралық комиссияның алдағы жұмыс жоспары бекітілді. Құжатта кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу нәтижелері үшін өңірлердің жауапкершілігін күшейту, тәуекел тобындағы балалармен атаулы жұмысты жетілдіру, ведомствоаралық іс-қимыл мен тәлімгерлік институтын дамыту, сондай-ақ жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының өңірлік жоспарларын іске асыру сапасын арттыру шаралары қарастырылған.

Еліміздің барлық өңірінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құрамы жаңартылғаны атап өтілді. Олардың қатарына азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері енгізілген. Олар кәмелетке толмағандар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу шараларына қатысып, білім беру ұйымдарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жүргізіп келеді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид проблемасы қаралды. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Алдыңғы жылдың шілде айында суицидтік мінез-құлық белгілері бар кәмелетке толмағандарды анықтау және оларды одан әрі сүйемелдеу бойынша бірыңғай алгоритм енгізілді. Бұл құжат мүдделі қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін айқындап, балаларға уақытылы көмек көрсетуге бағытталған. Отырыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ осы саладағы ведомствоаралық іс-қимылды жетілдіру мәселелері жеке қаралды. Әр өңір бойынша жағдайға талдау жасалып, себептер, тәуекел факторлары және қолданыстағы шаралардың тиімділігі сараланды.

Денсаулық сақтау вице-министрінің мәліметінше, бірыңғай алгоритм аясында анықтау деңгейінің төмен болуы оның жергілікті жерлерде толық көлемде іске асырылмай отырғанын көрсетеді. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде алпыс екі пайыздық жағдайда себептер анықталмағаны, ал 7,6 пайыз көлемінде ішкі отбасылық жанжалдар себеп болғаны белгілі болды. Осыған байланысты қатысушылар нысаналы профилактиканы күшейтудің, әрбір жағдайды талдау сапасын арттырудың және қиын өмірлік жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды сүйемелдеу тетіктерін одан әрі жетілдірудің маңызын атап өтті.

Оқу-ағарту министрі ведомствоның барлық біліктілікті арттыру бағдарламаларына депрессия, зорлық-зомбылық және буллинг белгілерін тану, сондай-ақ ақпарат беру тәртібі мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері бойынша арнайы модульдер енгізілетінін айтты. – Балалар – біздің басты құндылығымыз, ең алдымен, мемлекеттің адами капиталы. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия жай ғана консультативтік-кеңесші орган емес. Бұл – балалардың зорлық-зомбылық пен буллингке ұшырамауы, қауіпсіз ортада өмір сүріп, қарым-қатынас жасауы, заңсыздықтың құрбаны болмауы және өздері де заң бұзбауы үшін барлық күш-жігерімізді үйлестіріп, бір арнаға тоғыстыратын алаң. Осы бағыттағы профилактикалық және превентивті жұмыс – комиссиямыздың басты миссиясы әрі дені сау, саналы және мықты жас ұрпақ тәрбиелеудің маңызды факторы, – деді Аида Ғалымқызы.

Жиын соңында Премьер-министрдің орынбасары ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге, балалардағы дағдарыстық жағдайларды ерте анықтау тиімділігін арттыруға, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің рөлін күшейтуге, ата-аналармен және педагогтермен профилактикалық жұмысты дамытуға, сондай-ақ тәуекел тобындағы оқушыларды мониторингтеу және сүйемелдеу саласында жүйелі цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді. Мектептерді білікті педагог-психолог мамандармен қамтамасыз етуге және республикалық әрі өңірлік деңгейде профилактиканың тұрақты әрі кешенді моделін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен осының алдында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы ұйымдастырылып, кезекті жиынға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Премьер-министрдің орынбасары жазғы науқанға дайындық барысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, медициналық көмек және каникул кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша қатысушылардың ақпаратын тыңдады. Аида Балаева балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру басым міндеттердің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыт барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктерінің үйлесімді жұмысын талап ететінін айтты.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл демалыс іс-шараларымен үш миллион екі жүз мың баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл – елдегі оқушылардың жалпы санының 86,2 пайызы. Жазғы кезеңде балалардың демалысы жыл бойы жұмыс істейтін жиырма орталықта, бір жүз жетпіс тоғыз маусымдық орталықта, сондай-ақ мектептер мен мектептен тыс ұйымдар жанындағы 10 мың 894 орталықта ұйымдастырылады. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау тәртібін жаңартты.

Лицензиялар меншік нысанына қарамастан, ұйымдарға «Электрондық үкімет» порталы арқылы бес жыл мерзімге берілетін болады. Осы жылғы мамыр айының біріне дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Балалардың жазғы кезеңдегі мазмұнды әрі пайдалы бос уақытын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқушылардың тоқсан жеті пайызын пайдалы қызмет түрлерімен қамту көзделіп отыр. Осы мақсатта шығармашылық, спорттық, туристік, зияткерлік және еңбек бағыттары бойынша бағдарламалар жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, биылғы жазғы сауықтыру маусымына дайындық аясында балалар демалысының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру жұмыстары қолға алынған. Лагерьлер жұмысына рұқсат берудегі негізгі фактор олардың дайындық сапасы болатыны атап өтілді. Сонымен қатар ведомство алғаш рет лагерьлердегі медициналық қызметті лицензиялау, сондай-ақ жазғы сауықтыру лагерьлерінің дәрігерлері мен мейіргерлеріне арналған балаларды медициналық қамтамасыз ету және сауықтыруды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, жаңа Тамақтану стандартының талаптарына сәйкес балалар сауықтыру ұйымдарына арналған перспективалық мәзір нұсқалары әзірленіп жатыр.

Бұл жұмысты осы мамыр айының 10-ына дейін аяқтау жоспарланған. Премьер-министрдің орынбасары жазғы демалыс қауіпсіз, сапалы, танымдық әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс екенін атап айтты. Сонымен бірге жазғы демалысты оқу процесінің жалғасына айналдырмау маңызды. Барлық тәрбие, экологиялық, мәдени және білім беру іс-шаралары балаларға қызықты, ойын түрінде әрі түсінікті форматта өткізілуі қажет. Аида Балаева өңірлік штабтардың республикалық штабпен тығыз өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігіне тоқталып, ең негізгі басымдық балалардың қауіпсіздігі екеніне екпін түсірді.

Бұл ретте үйлестіру жұмыстары мемлекеттік лагерьлерді де, жекеменшік балалар лагерьлерін де қамтуы тиіс. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, балалар сауықтыру лагерьлері қызметкерлерінің сапалық құрамына тексеру жүргізеді. Аида Ғалымқызы осы жиынды қорытындылау барысында жазғы демалыс бағдарламаларының мазмұнын сауықтыру, спорттық, мәдени, экологиялық және танымдық іс-шараларға басымдық бере отырып толықтыруды, балалар қатысатын көшпелі іс-шаралардың қауіпсіздік шараларын күшейтуге басымдық берді.

Және тамақтану сапасына, ауыз суға және лагерьлердің санитариялық жағдайына ерекше бақылау орнатуды, мектеп жанындағы лагерьлердің дайындығына талдау жүргізіп, анықталған кемшіліктердің тез түзетілуін еске салды. Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жасыл сабақтар» экологиялық жобасының элементтерін жазғы бағдарламаларға енгізуді тапсырды.

Шырақ әл-ШАБАНИ
Фото: primeminister.kz

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий