Ұлт жадының жаңғырығы: Адал азамат феномені

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығының» қолдауымен және елордадағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицей мен Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің бірлесуі негізінде қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл (28.08.1931-22.02.1998 ж.ж.) толуына орай «Ұлт жадының жаңғырығы: Адал азамат феномені» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұлғаның өмірі мен еңбегін кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оны жас ұрпаққа үлгі ету. Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық мәдениетіміздің жаңғыруына зор үлес қосқан тұлға. Оның еңбегі – тарихымызды түгендеу, дәстүрімізді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы үлкен мұра. Конференцияға еліміздің барлық аймағынан үш жүзден астам педагог онлайн және офлайн форматта қатысып, отандық ғалымдар, өзбекәлітанушылар, сондай-ақ Өзбекәлі Жәнібековтің ұрпақтары мен жақындары арнайы бас қосты. Бұл – тұлға мұрасына деген құрметтің, ғылыми қызығушылық пен рухани сабақтастықтың айқын көрінісі.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған маңызды шарада Астана қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Асыл Амангелдіқызы мен көрнекті ұлт қайраткері атындағы мектептің директоры Камешева Замзагүл кіріспе сөз сөйлеп, ұлы тұлға мұрасын дәріптеу арқылы жан-жақты білімді, отаншыл, елжанды ұрпақ тәрбилеудің мәні мен маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Конференцияның құрметті қонақтары қатарында: Ниетжан Өзбекәліұлы – «Баламалы және қауіпсіз энергетиканы дамыту» орталығының директоры; Бауыржан Өзбекәліұлы – Алматы қаласындағы «Ықылас» атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының директоры; Өзбекәлі атамыздың немерелері: Жәнібек Азель Бауыржанқызы – Өзбекәлі Жәнібек қоғамдық қорының президенті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, Ұлттық кәдесый шығаратын Empire брендінің PR директоры; Жәнібек Әліжан Бауыржанұлы – Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның 11-сынып оқушысы, немересі; «Ой толғақ» деректі фильмінің режиссері Оралбек Сарыбасов; мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев; Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Асима Бимендина, сондай-ақ білім беру саласының өкілдері қатысты.

Пленарлық отырыс барысында отандық ғалымдар мен педагогтер ғылыми баяндамалар жасап, Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы аясындағы өзекті мәселелерді көтерді. Пленарлық бөлімді Астана халықаралық университетінің Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, тарихшы Ыбырай Саят Баймұратұлы жүргізді. Осы отырыста Анарбаев Қайрат Сапарханұлы – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты «Жаңа Қазақстан жағдайындағы ұлттық тәрбие мен дәстүртану мәселелері» бойынша сөз сөйледі.

Мағауия Айжан – Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Тәрбие теориясы және әдістемесі» орталығының аға ғылыми қызметкері «Оқу процесінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы құндылықтарын кіріктіру тәсілдері» тұрғысында баяндама жасап, Өзбекәлі Жәнібеков еңбектерін оқу-тәрбие процесіне кіріктірудің маңызын айрықша атап айтты. Сондай-ақ танымал тау тұлғаның ұлттық тарихи сананы жаңғырту, мәдени мұраны сақтау және ел мүддесіне қызмет ету жолындағы қызметі жас ұрпақтың бойында ұлттық, отаншылдық және азаматтық жауапкершілік, адалдық құндылықтарын қалыптастырудың тиімді құралы екенін жеткізді.

Мұхтархан Садуақасұлы Манап – КазССР еңбек сіңірген әртісі, Өзбекәлі Жәнібековтің шәкірті «Өзекеңнің Торғай өңіріндегі жасаған еңбегі»; Жәнібек Азель Бауыржанқызы – Өзбекәлі Жәнібек қоғамдық қорының президенті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, Ұлттық кәдесый шығаратын Empire брендінің PR директоры «Өзбекәлі Жәнібекұлы тұлғасының құндылықтары мен тәрбие философиясы: ұрпақ сабақтастығы контексінде» сынды тақырыптардағы пайымды пікірлерін ортаға салды.

Санжар Керімбай – «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының авторы, ағартушы, шығыстанушы «Өзбекәлі болмысының ашылуы»; Ысқақов Болатбек Жұмабекұлы – «Ұлы ғасыр» жалпыұлттық қоғамдық қорының бас директоры «Ұрпақ жалғастығы – ұлт болашағы»; «Нұрғожаев Ғани Сандыбайұлы – «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қоры, тәрбие бөлімі «Ұлтты ұлы ететін – ұрпақ бойындағы құндылық»; Рысмамбетова Балжан Тургановна – Астана қаласындағы Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері «Өзбекәлі Жәнібеков ізімен: ұлттық мұраны сақтау – адал азаматтың ісі» негізіндегі озық ойлары мен ұтымды ұсыныстарын жеткізді.

 Және ұлттық тәрбие мен дәстүр сабақтастығының өзекті мәселелері кеңінен талқылап, жас ұрпақтың бойына құндылықтарды сіңіру, тәрбиенің мазмұнын жаңарту, адамгершілік қағидаларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу жолдары сарапқа салынды. Сонымен қатар тарихи тұлғалардың өнегесі арқылы тәрбие беру, ұлттық мұраны сақтау және насихаттау мәселелері қозғалып, Өзбекәлі Жәнібеков мұрасын кейінгі буынға үлгі ету қажеттігі атап өтілді. Конференция аясында қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның 95 жылдық мерейтойына орай педагог-айтыскерлердің қатысуымен шағын айтыс ұйымдастырылып, онда «Адал азамат» ұғымы өнер тілімен өріліп, ұлттық құндылықтар көркем түрде насихатталды.

Іс-шара үш бөлімнен құралған еді. Алғашқысында арнайы көрме ұйымдастырылып, оқушылар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шығармашылық жобаларын, қолөнер бұйымдарын ұсынды. Бұл жас ұрпақтың рухани мұраға деген қызығушылығы мен құрметін айқын көрсетті. Конференцияның екінші бөлімі төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды. Еліміздің әр түпкірінен келген педагогтер секцияға бөлініп, өзара тәжірибе алмасты. Бірінші бағыт – «Адал азамат» құндылықтары және Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы: ұлттық тәрбие мен білім берудегі сабақтастық» (TEDx форматында).

Екінші бағыт – «Ұлттық мұра және креативті индустрия: өнер, мұражай, цифрлық кеңістік» (көрме форматында). Үшінші бағыт – «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыру: оқу-тәрбие үдерісінде ұлттық мұраны кіріктіру және жасанды интеллект қолдану тәжірибесі. Төртінші бағыт – «Өмірі өнегелі Өзбекәлі» республикалық челленджі. Бұл конференция ұлттық рухты жаңғыртуға, тарихи сананы қалыптастыруға және жас ұрпақтың бойына «Адал азамат» құндылықтарын сіңіруге бағытталған маңызды ғылыми-әдістемелік алаңға айналды.

P.S.: Мәдениет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты. Қазақстан мәдениет министрінің орынбасары, мәдениет министрі, Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы болып қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібековтың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Қостанай облысының Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық музейінің «Рух сардары» атты көрмесі «Ұлт жадының жаңғырығы: Адал азамат феномені» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында елордадағы Өзбекәлі Жәнібековтің есімін иеленген №11 мектеп-лицейде болып қайтқан еді. Жиналғандар бұл көрмені тек экспонаттар жинағы емес, ұлы тұлғаны құрметтеудің жарқын үлгісі ретінде бағалағаны белгілі болуда. Ерекше маңыздысы – алпыс жеті жыл ғибратты ғұмыр кешкен дәуір дарабозының өз қолымен тапсырған жәдігерлері көрмеге қойылып, ел назарына ұсынылды. Бұл дүниелер – ұлт руханиятына адал қызмет еткен абыройы асқақ атпал азаматтың өмір жолының нақты айғағы. Ұлы тұлғаларды ұлықтау – ұрпақ борышы. Бұл көрменің жастарға үлгі-өнеге, елге бірлік пен мақтаныш сыйлағаны айдан анық.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ,
Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий