Тәрбиеленушілерді тыңдаймыз және естиміз
Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында елорданың барлық мектепке дейінгі ұйымдарында «Тыңдаймыз және естиміз» атты ауқымды іс-шара ұйымдастырылуда. №98 «Мирас» балабақшасында өткен іс-шара барысында балалардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған арнайы көрнекіліктер әзірленді.
Басты мақсат – балалардың бойында кішкентай кезінен бастап әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру, өзара сыйластық пен ұқыптылықты арттыру. Орталық әдіскері А.Әмірханованың айтуынша, қазіргі заман баласына тек ақпарат беру жеткіліксіз, оны түйсіну мен қабылдау әлдеқайда маңызды. – Біз үшін баланың ақпаратты түйсінуі, айналасындағыларға құрметпен қарауы және топ ішінде өзін-өзі ұстай алуы өте маңызды. «Тыңдаймыз және естиміз» іс-шарасы – бұл жай ғана есту емес, бұл эмпатия, зейін және өзара түсіністікті қалыптастыруға бағытталған алаң. Біз көрнекіліктер арқылы балалардың көру жадын дамытып, дұрыс әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруды көздедік, – дейді әдіскер.
Іс-шараның тағы бір маңызды тұсы – бала бойында «Адал азаматқа» тән қасиеттерді ерте жастан сіңіру. Егер бүлдіршін кезек күтуді, досына көмектесуді және өзгені тыңдауды үйренсе, болашақта қоғамда заң мен тәртіпті сыйлайтын тұлға болып қалыптасады. Балабақшадағы тәрбиеленушілер үшін мынадай ерекше ережелер енгізілген: «Алтын құлақ» – мұқият тыңдау дағдысы; «Жұмсақ дауыс» – топ ішіндегі шуды азайтып, мәдениетті сөйлеу; «Көмекші қолдар» – досына жәрдемдесу және жанашырлық; «Жүрек жылуы» – әр адамның ерекше екенін түсіну және қабылдау; «Кезек күту» – сабырлылық пен тәртіпке бағыну.
Астана қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі
Загрузка...