Әке алақаны – ең сенімді қорған, ең жылы мекен
Павлодар облысы, Ақтоғай балалар өнер мектебінде өткен «Мен және менің әкем» атты байқау дәл осы шынайы сезімдердің сахнадағы көрінісіне айналды. «Отбасы – алтын бесік» жобасы аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл игі шара биыл да жүректерді тербеп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сахна төрінде бұл жолы тек өнер емес – махаббат, құрмет пен сенім үндесті. Әкелер мен балалар бір сахнада тоғысып, бір-біріне деген шексіз қолдау мен мейірімділіктің жарқын үлгісін көрсетті.
Күнделікті тіршіліктің қарбаласынан уақыт тауып, баласының жанына жақын болуды таңдаған әкелердің әр қадамы – нағыз өнеге.
Бұл кеш – жай ғана байқау емес, әке мен бала арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін алтын көпірдің бекемделген сәті болды.
Әрбір қойылым, әрбір күлкі мен толқыныс – отбасы құндылықтарының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Базарбаева Айбиби:
– Бүгін мен үшін ерекше күн болды. Әкеммен бірге сахнаға шығу – менің кішкентай арманым еді. Әкем көбіне жұмыста болғандықтан, мұндай сәттер бізге сирек бұйырады. Бірақ бүгін ол менің жанымда болды. Бұл – мен үшін нағыз бақыт!
Райяна Жасуланова:
– Әкемнің қасымда болғаны – ең үлкен қуаныш. Біз бірге өнер көрсетіп, ерекше сәттерді бөлістік. Осындай күндер жиі болса екен деп тілеймін.
Осындай тағылымы терең, жүрекке жылу сыйлайтын шаралар – ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Өйткені бақытты бала – берік отбасының айнасы. Ал берік отбасы – жарқын болашақтың бастауы.
Загрузка...

