Білімге құштар бүлдіршін
Кей балалар ертегі тыңдап өссе, кей балалар өзі әлемді танып, жаңалық ашуға ұмтылады. Павлодар облысы, Ақтоғай ауданындағы Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебі жанындағы «Айбөбек» шағын орталығының тәрбиеленушісі Ғалымжан Хақназар Жоламанұлы – сондай ерекше қабілетімен көпшілікті сүйсіндіріп жүрген бүлдіршіндердің бірі.
Небәрі 5 жастағы Хақназардың білімге деген қызығушылығы таңғалдырады. Ол дүниежүзінің картасын еркін меңгеріп, материктер мен мұхиттарды, аралдар мен мемлекеттердің атауларын жаңылмай айта алады. Әлем елдерінің тулары мен орналасуын жақсы біледі. Карта мен глобус арқылы ел атауларын өздігінен оқып, жазуға машықтанып жүр.
Кішкентай зерттеушінің танымға деген құштарлығы өте ерте басталған. Екі жасынан бастап әр заттың қалай жұмыс істейтінін қызықтап, тұрмыстық техникалардың құрылысын зерттеуге әуестенген. Ол тек қарап қана қоймай, өз ойындағы жобалардың суретін салып, түрлі механизмдерді құрастыруға талпынған. Бүгінде техника мен агротехника саласына қызығушылығы артып, ауыл шаруашылығына қатысты құрылғылар жайлы да көп мәлімет біледі.
Хақназар үшін ең қызықты әлемнің бірі – ғарыш әлемі. Ол Күн жүйесіндегі ғаламшарларды, астероидтарды, жұлдыздарды қызыға зерттеп, астрономия туралы кітаптар мен бейнематериалдарды ықыласпен қарайды. Ғарыш құпияларын тануға деген ынтасы оның қиялын дамытып қана қоймай, ғылымға деген сүйіспеншілігін де арттыруда.
Әжесі, Солтаналинова Қанымгүл Аяпбекқызының айтуынша:
«Хақназар кішкентайынан ерекше зерек болып өсті. Әр заттың қалай жұмыс істейтінін сұрап, техникаға қызығушылық танытатын. Қазір карта, ғаламшарлар, мемлекеттердің тулары мен атауларын үлкен қызығушылықпен зерттейді. Біз оның әр сұрағына жауап беріп, қызығушылығын қолдауға тырысамыз. Баланың ынтасын қолдап, дұрыс бағыт берсе, үлкен жетістіктерге жететініне сенеміз», – дейді.
Осындай балалар – еліміздің ертеңгі үміті. Өйткені баланың бойындағы табиғи қабілетті дер кезінде байқап, оны қолдау – үлкен жетістіктерге бастар жол. Білімге құштар, ізденімпаз, арманы асқақ жас өрендердің қатары көбейе берсін!
Загрузка...
